АЛДАҒЫ ФЕСТИВАЛЬДЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

61

0

Қыркүйек айының соңында түркітілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі музыкалық өнер фестивалін өткізу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Әбдірахманов мәлімдеді. Фестиваль биыл үшінші мәрте халықаралық «Түрксой» ұйымымен бірлесіп өткізілмекші.

– Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестріне музыкалық аспаптар алынып, шығармашылық ұжымдарға концерттік костюмдер тіктірілді. Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы және елді мекендердегі мәдениет үйлері мен клубтарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Биыл көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапханада дыбыс жазу студиясы ашылды. Бүгінде зағип және нашар көретін жандарға электронды кітапхана жасау үшін кітаптарды арнайы форматқа ауыстыру жүргізілуде, – деді ол.

Сәуір айында Әзірбайжан Республикасында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері ұйымдастырылып, Баку, Шеки қалаларында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының және облыстық филармонияның концерттері мен қойылымдары қазақ тілінде ұсынылды. Сыр өнерпаздары мамыр айында Ташкент, Орынбор қалаларында да гастрольдік концерттерін өткізді.

– Өздеріңізге белгілі, жақында ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет күндері өтті. Бағдарлама бойынша Астана қаласындағы бірқатар мәдениет орындары мен демалыс саябақтарында театр қойылымдары мен шығармашылық ұжымдардың концерттері ұйымдастырылып, астаналықтар мен қала қонақтарына өнер мерекелері тарту етілді, – деді Е.Әбдірахманов.

Елбасы мақаласынан туындайтын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» республикалық тізіміне облыс бойынша 63 табиғи, тарихи-мәдени ескерткіштер ұсынылды. Бүгінгі күні «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы таңдап алған республика бойынша 100 макросакралды объектіге біздің облыстан 10 ескерткіш енгізілді.

Осы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 3 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі күні облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы мен Жалағаш аудандық архиві мекемесінің жөндеу жұмыстарын аяқтады. Ал, Н.Бекежанов атындағы драма театрының жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталмақ. Айта кету керек, театрдың кезекті маусымы 8 қыркүйекте «Абай» спектаклімен ашылады.

Шынар БЕКБАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз