Алматыда Батырхан Шүкеновке арналған мемориалды бұрышты бұзып тастады

47

0

Алматыда Батырхан Шүкеновке арналған мемориалды бұрышты бұзып тастадыАлматыда жақында көз жұмған танымал әнші Батырхан Шүкеновке арналған мемориалды бұрышты бұзып тастаған. Бұл туралы 7 арна хабарлайды.

«Батыр бұрышын» құру туралы идеяның авторы Мина Бакарасова өзінің таңданысын әлеуметтік желіде білдірді. Ол пәтер кооперативінің қызметкерлері әншінің суреті салынған қабырғаны, гүлдер мен шар және суреттерді лақтырып тастағанын жазған.

Ол аула сыпырушының қоқысты алып кеткенше күтіп тұрғанын да айтқан.

«Біз қолымызға қолғап киіп, қоқыс арасынан Батырханның суреттерін алдық. Бұл барып тұрған вандализм. Батырханның көз жұмғанына жеті күн ғана болды. Ал мұнда бәрін лақтырып тастаған», – дейді Бакарасова.

Еске сала кетейік, «Батыр бұрышы» 1 мамыр күні Арбаттағы үйлердің біріндегі аулада ашылған болатын. Идея авторлары аумақты тазартып, 50 қапшық қоқысты алып шыққан. Ал суретшілер бір түн бойы Батырхан Шүкеновтің суретін салды. Одан бөлек, әншінің тыңдармандары келешекте мұнда асфальт төсеп, орындықтар қоюды ойластырған еді.

Ал Батырханның ағасы Бауыржан Шүкенов неліктен тап осы аулада Батырханды еске алу бұрышы болғанын түсіндіріп берді.

«1984 жылы Байғали Серкебаев осы жерден пәтер сатып алды. Ал 86 жылы «Джулия» әні жарыққа шықты. Барлық хит әндер осы жерде туындаған болатын. Бес жыл бұрын Байғали осында отбасымен тұратын. «А-студио» тобының әйгілі туындылары осы үйде туындады», – дейді марқұмның ағасы.

Бұған қатысты пәтер кооперативінің қызметкерлері ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз