Алты Алаштың анасы болған Сыр елі

694

0

Алты Алаштың анасы болған Сыр елі «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының сөзі.
Қазақтың байтақ даласына қарап Алла Тағаланың өзі қазаққа пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты сыйға тарта салған-ау деп тамсанасың. Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан құлан даланың қай тұсын болмасын Жерұйық дерсің… Сыр елі де – сондай сырлы да жырлы қасиетті мекен.
Көненің көзі болған көрікті қала
Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді.
Әбділда ТӘЖІБАЕВ
Қазақ тарихында өзіндік үлкен рөл атқаратын қаланың тарихы да тереңде жатыр. Сонау 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында бой көтерген алғашқы қорған Ақмешіт болып аталады. Кейіннен, яғни 1853 жылы шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Содан соң қала Перовск атанып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. Міне, осыдан соң қалада мәдени орталықтар мен үлкен жұмыс орындары бой көтере бас­тады. Теміржолдар пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1922-1925 жылдары қала қайта Ақмешіт атанды. 1925 жылы қазақтың орталығы болған қала Қызылорда атын иемденеді. Яғни бұл қала қазақ халқының алғаш рет «қазақ» атануының тарихи куәгері болды.
Сонау 1920 жылдары Орынбор қазақтың бірінші астанасы болғаны баршаға аян. Бірақ қашықтан ел басқару қолайсыз болды. Сондықтан да қазақтың сол тұстағы біртуар ұлдары алты Алаштың астанасы болуға лайық орталық іздеді. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қаладан гөрі қазақтың иісі аңқыған, ұлттық болмыс-нышаны көрінген киіз үйлі ауылында болғанын артық көрді. Ақыры келісіле отырып қазақтың астанасы болып сол кездегі Ақмешіт қаласы бекітілді. Әу баста өзге ұлт өкілдері астананың Орынбордан Ақмешітке ауыстырылғанында «…қа­зақтар құмға көшіп барады» деп кекет­кен де еді. Бірақ қалың қазақтың ортасы, то­ғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолының бойы болғандықтан осы қала таңдап алынды. Астана мәртебесіне қол жеткізген қалада түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргесі қаланды. Қалада 1920 жылдың 13 қаңтарында алғашқы қазақ драма театрының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды. Мұнан өзге түрлі ғылыми-зерттеу институттары мен техникумдар бой көтерді. «Еңбекші қазақ», «Казахстанская степь» газеттері де осында жарық көрді.
Әрине, тақыр жерге қала тұрғыза салу бір күннің жұмысы емес. Бұл та­бандылықты талап етеді. Десе де, сол тұстағы большевиктердің оптимизмі таңда­нар­лықтай еді. Олар жоқтан бар құрап, өздері де түсініп болмайтын, қиялға бергісіз қоғам орнатуға даяр болатын. Сондықтан да қараша ауылды салтанатты қалаға айналдырудың бас жоспары қолға алынды. Қаланың сызбасын жасауға білікті мамандар тартылды. Олардың қатарында мәскеулік профессор, инженер-конструктор С.А.Фельдмен мен В.Н.Львов, қазаққа аты мәлім тұңғыш инженеріміз Мұхамеджан Тынышбаев та болған еді. Міне, осындай қауырт жұмыстың нәтижесінде қала қарыштап дамыды. Тіпті оны алғаш «Мәскеу сынды мәртебелі қаланың қатарына қосылады» деген де. Әрине, ол солай болды. Қазақтың астанасы Қызылорда сол тұстағы қазақтың «Мәскеуі» болды. Бола да бермек.
Сырдария тудырған жыр дариясын
Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған,
Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.
Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі,
Киелі, қасиетті Қызылордам.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ
Сыр өңірі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір. Сол себепті де «Сыр елі – жыр елі». Мұнда жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы Жүсіп сынды тұлғалар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды. Сыр елі – қазақтың кемеңгері, от тілді, орақ ауызды шешенінің бірі Әйтеке бидің, туған жерін жаттан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұқарбай сынды хас батырлардың, азаттықты аңсаған, ұлтын сүйген азамат Мұстафа Шоқайдың Отаны. Бұл жерден шыққан кәсіби ақын-жазушыларды сөз еткенде ең алдымен ауызға ілігері – Әбділда Тәжібаев. Жұбан Молдағалиев: «Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария. Екінші дария – жыр дариясы… жыр дариясы ұшы-қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев», – деген еді. Осындай ұлы ұлдар тудырған Сыр топырағы­нан Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіжәмил Нұрпейісов сынды тұлғалар шыққан.
Сырмен сыр бөліс…
Дария тағы да алға асығады,
Толқындар бірде тасып, басылады.
Сан ғасыр бауыр басқан Аралының,
Алдынан кең құшағы ашылады.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ
Иә, қызылордалықтар сырғып аққан Сырымен мақтанады. Сырдарияның бүгіп жатқан сыры да мол сынды. Ол көне грек тілінде Яксарт деп аталса, ортағасырлық мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен Сейхун деп аталған. Тарихшылар­дың айтуынша, Ескен­дір Зұлқарнайынның жаулап алған жерлерінің солтүстік шекарасы Сырдария өзені арқылы өткен екен. Міне, сан тарихтың куәсі болған Сыр өзені – бүгінде барша Алаштың мақтанышы. Сырдың бойын жағалап, сыр бөліссең, Сыр сенің сырыңды ұғар сырласың, мұңыңды шағар мұңдасың, тіпті жаныңа медеу жолдасың да бола алады. Ендеше, қай-қайсысыңыздың болмасын Сырға жолыңыз түссе, Сыр суымен сырласыңыз. Қимастықпен қоштасарыңыз анық.
Сыр елі – оқу-білімнің ордасы. Мұндағы «Сырдария кітапханасы» – Сыр елінің жауһары. Ал мұндағы бас­ты білім ордасы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өзінің 73 жылдық тарихында өңірдегі жоғары және орта кәсіби оқу орындарының көшбасшысы болып қана қоймай, еліміздегі еңселі оқу орындарымен иық тірестіре аларлық дәрежеге жетті десек, артық айтпағандық болар.
Ал 190 жылдан аса тарихы бар Алаш­тың анасы атанған ежелгі мұражайлар да менмұндалайды. Қай-қайсысына кір­сең де, тарихтың қойнауына күмп бересің. Ендеше, Қызылордаға қыдыра қалса­ңыз, қызықтан құр қалмаңыз. Қайта Қы­зылорданы қимай қайтасыз…
Анар Дүйсенбайқызы. http://anatili.kazgazeta.kz
 
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз