
Қос сарбаз да қызылордалық. Жандос Баянбаев көрсеткен ерлігі үшін 3-дәрежелі «Айбын» орденімен және Нұрасыл Мүбәраков Елбасының жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» төс белгісімен наградталды. Бейбіт күннің батыры атанған Н.Мүбәраковты бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев қабылдап, «Құрмет» грамотасымен марапаттап, 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға ҚР Ұлттық Ұланының Бас қолбасшылығының орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов және Н.Мүбәраковтың ата-анасы, туыстары қатысты.
– Бұл – нағыз ұмытылмас ерлік. Осындай ержүрек азаматтарымыздың батырлығы мен патриоттығы жастарымызға әрдайым үлгі-өнеге болатыны анық. Нұрасылдың қайсарлығын жастарға насихаттайтын боламыз. Отан үшін жастар отқа түсуге дайын екендіктерін көрсетуі еліміздің «Мәңгі ел» екендігін айқындайды, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
– Бар күш-жігерімді, біліміммен біліктілігімді елім үшін аямаймын. Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын. Маған көрсетіп жатқан құрметтеріңізге алғысым шексіз, – деді Н.Мүбәраков.
Нұрасыл Мүбәраков қазіргі таңда әскер қатарында Отан алдында борышын өтеуде. Алдағы уақытта ол әскери білім алып, осы салада еңбек еткісі келеді.