ҚАМБАМЫЗ ҚАЗЫНАЛЫ, ЖЕРІМІЗ ЫРЫСТЫ БОЛДЫ

162

0

Биыл Жалағаш ауданының ауылшаруашылық саласында жиналған өнімнің көлемі көңіл көншітерлік. Мал басы көбейіп, егін молынан жиналды. Нақты айтар болсақ, Жалағаш ауданының диқандары 22465 гектар жерге күріш егіп, бітік өсті. Әр гектарынан 57,6 центнерден Сыр маржаны қамбаға басылды.
Мол өнім негізі сапалы тұқым алып, дайындаумен де маңызды. Келер жылға мықтылап дайындалған диқандар егіс үшін 5100 тонна тұқымды алдын ала сақтап қойды. Соңғы жылдары аудан шаруашылықтары жаңа технологияның жемісін көріп, өнімді еселеп жинауда. Биылғы жылы аудан бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Техника Лизинг» ЖШС-нан 18 шетелдік техниканы лизинг арқылы алса, 10 техниканы шаруашылықтар өз қаржысына алдырған.
Сонымен бірге аймақтағы ең ірі өндіріс орындарының бірі – «Агрохолдинг Байқоңыр». Жалағаш элеваторында негізінен астық қабылдап сақтау, тұқым тазалау, күріш ақтау жұмыстары жүргізіледі. Қазір мұнда күріш ақтау, тұқым дайындау цехтары, дайын өнімдер қоймасы, өндірістік техникалық зертхана, көлік, күзет қызметі мен асхана жұмыс жасайды. Бүгінде Жалағаш элеваторы – «АгроХолдинг-Байқоңыр» ЖШС-н білікті маман Манарбек Еспанов басқарады. Ең басты мақсат – серіктестік заманауи жаңа технологияларды өндіріске енгізу арқылы сапалы өңделген  өнім шығарып, күріш кластерін  дамыту бағытында жүйелі істер атқаруда. Сонымен бірге элеваторда 60 мың тонна астық сақталады. Жағымды жаңалықтың бірі биылғы жылдан бастап шаруашылықтарды тұқыммен қамтамасыз ету жұмысын қолға алды. Жаңадан алынған шетелдік қондырғылардың арқасында кондициясы 2-3 кластық себу дәрежесіне  жеткізілген бірінші репродукциялы тұқымдар дайындалды.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің 2015 жылы бекіткен  «Күріш дақылының элиталық тұқымдарын сатып алу» туралы  бюджеттік инвестициялық  бағдарламасы бойынша  Краснодар  өлкесінен 333 тонна «Лидер», «Фаворит»,  «Янтарь» сорттарының элиталық тұқымдары  әкелінді. Элиталық тұқымдар облыстың 3 тұқым өсіруші шаруашылықтарының 1280 гектар жеріне егілді. Оның ішінде Жалағаш ауданының «Таң ЛТД» ЖШС-ның 670 гектар жеріне себілген. Үстіміздегі жылы келісім-шарт негізінде 42 күріш өсіруші шаруашылықтардан 27405 тонна,  атап айтқанда, Жалағаш ауданы бойынша 15 шаруашылықтан 7914 тонна сатып алу жоспарланып отыр.
Жиырма екі жылдан кейін Жалағаш элеваторы ақ күрішті қайта қабылдап, шаруашылықтың тамырына қан жүгірді. 2013 жылы «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС құрылды. Нәтижесінде жалағаштық диқандар элеватор қамбасына өнімдерін жинап, молшылыққа кенеліп келеді. Элеваторды іске қосу шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС зертханасының және электрондық таразы, астық көтергіштердің жұмысымен танысқан еді. Агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми жетістіктері, жаңа технологиялар, инновациялық жобалары шаруашылықтардың жаңашылдыққа бағыт алуына мүмкіндік сыйлады.
Биылғы егін жинауда ешқандай іркіліс болмай, ысырапсыз өнім жиналды. Мұның бәрі диқандардың маңдай тері, ақ адал еңбегі. Қырмандағы қызыл астықты элеватор қамбасына мерзімінен кешіктірмей жинап, қуаныш еселене түсті. Жалпы, ауылшаруашылық саласына мемлекет үлкен қолдау жасап отыр. Осы жеңілдіктердің арқасында еңбеккерлер шаруасын дөңгелентіп келеді.
Жер ананы аялай білсек, егініміз молынан болып, диқандар еңбегі берекелі болмақ. Еліміздің қамбасына құйылып жатқан әрбір алтын дән Сыр диқандарының адал маңдай терімен келгені анық.

Сара АДАЙБАЕВА.
Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз