Қамқоршылық кеңестің отырысы өтті

46

0

Қамқоршылық кеңестің отырысы өттіҚызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың төрағалығымен Қамқоршылық Кеңестің отырысы өтті.
Кеңесте Қызылорда қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры, қамқоршылық Кеңестің мүшесі Бахыт Жұматай мектепте атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Даму стратегиясына сәйкес зияткерлік мектептің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық мақсаттары мен бағыттарына және мектептегі білім беру бағдарламасының ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ, ол мектеп түлектерінің шет мемлекеттердің жоғарғы оқу орындарына түсу деңгейіне және таңдаған мамандықтарына талдау жасады. Зияткерлік мектепте жүргізілген «Қазақтың 100 әні», «100 кітап» секілді түрлі жобаларды оның таныстырып, мектеп оқушыларының ағылшын тілін меңгеру деңгейіне тоқталды.
– Атқарылған жұмыстар өте ауқымды, дегенмен алдағы уақытта мектептің дамуына бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Мектеп ауласын көгалдандыру, оқушылармен бірлесіп жылыжай салу, электр энергиясын үнемдеу және қоқыстарды өңдеу жобаларын іске асыру жоспарда бар. Бұл жобаларды кезекті отырыста қамқоршылық Кеңестің назарына ұсынатын боламыз, – деді Б.Жұматай.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов 2019 жылдан бастап облыстағы 75 мектепте сабақтар ағылшын тілінде жүргізілетінін мәлімдеді. Осы орайда, бүгінде жаратылыстану мен техникалық бағыттағы пән мұғалімдердің тілдік дағдыларын арттыруда және біліктіліктерін жоғарылатуда Назарбаев зияткерлік мектептер үлес қосуға мүмкіндіктері мол.
– Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқушылар қазірден бастап көптеген пәндерді ағылшын тілінде меңгеріп жатыр. Ол үшін мұнда барлық мүмкіндік жасалған. Осыған сүйене отырып, Назарбаев зияткерлік мектебі облыстық білім басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік жоба дайындап, аймақтағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған ашық семинарлар ұйымдастыру жұмыстарын жүргізсе деген ұсынысым бар. Оқу орындары арасында бәсекелестік жасау арқылы білім сапасын арттыруға болады, – дейді Р.Рүстемов.
Қамқоршылық кеңестің отырысы өтті
Бұдан бөлек, қамқоршылық Кеңес мүшелерінің өзге де ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Қамқоршылық кеңес мүшелері Қазақстанның интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруда алдағы уақытта да бір-бірімен кеңесіп жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.
Айта кету керек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, 2015 жылы Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қамқоршылық Кеңесі құрылған болатын. Кеңестің мақсаты зияткерлік мектептің негізгі даму бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, демеушілік көмектерді тарту және оны көрсету болып табылады. Сондай-ақ, қайырымдылық акцияларын жүргізу, одан түскен қаржыларға бақылау жасау, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға материалдық көмек көрсету және зияткерлік мектептің атқарылған жұмыстары бойынша есепті талқылау кеңестің негізгі принциптеріне кіреді. Кезекті отырыс барысында қамқоршылық Кеңестің жаңа құрамы таныстырылып, облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Кеңес төрағасы болып тағайындалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз