Арал теңізі жайындағы деректі фильм таныстырылды

71

0

Арал теңізі жайындағы деректі фильм таныстырылдыБүгін елордада Түркі академиясы халықаралық ұйымы тек Орталық Азия елдері үшін ғана емес күллі адамзаттың экологиялық проблемасына айналған Арал теңізі туралы «Арал теңізі: өткені, бүгіні және келешегі» атты деректі фильмді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Академияның тапсырысымен түсірілген фильмде Аралды құтқаруға арналған нақты қадамдар мен олардың нәтижелері, Солтүстік Аралды қайта қалпына келтірудің қазақстандық моделі баяндалады. Адамзат тағдырына айналған Арал мәселесін шешуге қатысты қазақстандық, қырғызстандық, өзбекстандық, ресейлік және тәжікстандық білікті сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары келтіріледі.
Деректі фильмнің таныстырылымы барысында Қырғыз Республикасының бұрынғы мемлекеттік хатшысы, Манас халықаралық қырғыз-түрік университетінің профессоры Осмонакун Ибраимов өркениетті қоғамды толғандырған Арал тағдырына қатысты өз ойымен бөлісті.
Айта кетерлігі, Аралға Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды халықаралық іргелі ұйымдардың назарын аудартқан алғашқы ресми қадам – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия басшыларының 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1 конференцияда  жасалған келісім болды. Келісімді орындаудың шарты есебінде Халықаралық арал қоры құрылды. Ал келісім аясында «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау» бағдарламасы жүзеге асырылып, бірінші кезеңі нәтижелі болды. Мәселен, Солтүстік Арал арнасындағы су деңгейі едәуір көтеріліп, аймақтағы тіршілік жандана бастады. Экологиялық апат жылдары Арал қаласынан 75 шақырымға алыстаған теңіз бүгінде шаһардан не бәрі 12 шақырым қашықтықта тулап жатыр.
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз