Аралда биыл 27 әлеуметтік нысан бой көтереді

50

0

Аралда биыл 27 әлеуметтік нысан бой көтередіҚызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Арал ауданында болды. Теңіз төскейіндегі өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, алда атқарылатын жобалар пысықталды. Бұл жайында бізге облыс әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
 Аймақ басшысы алдымен «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының ғимаратында болды. Қорықта қазіргі таңда 298 өсімдік түрі, 27 сүткоректі, 12 бауырымен жорғалаушы, 2 қосмекенді және 2000-нан астам жәндіктің түрі кездеседі. Бұл қорық құланымен мақтанады. Алғаш рет 1953 жылы құланды  Аралға әкеліп жерсіндіріліп, өзге қорықтарға жіберілді.  «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорық» РММ директоры Зәуреш Әлімбетова қорықты ерекше қорғалатын аймаққа айналдыру туралы өңір басшысына ұсыныс жасады. 
– Бұл жақсы бастама. Жобаның құжаттарын реттеңіздер. Біз қолдау көрсетеміз, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Мұнан соң аймақ басшысы мектеп бітіруші түлектермен жүздесті. Биыл Арал ауданында 858 оқушы орта мектепті тәмамдайды. Оның 68,1 пайызы сынақ тапсыруға ниет білдірген. 
– Сұрақтармен мұқият танысып шықтым. Анау айтарлықтай қиындық жоқ. Алдымен мамандықтарыңды дұрыс таңдап, тыңғылықты дайындалыңыздар. Елдің болашағы сіздерсіздер. Сондықтан үкілі үмітті ақтауларыңыз қажет, – деді облыс әкімі оқушылармен кездесуде. 
Облыс әкімі Қ.Көшербаев аудан активіне қатысып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстармен танысты. Ауданның экономикалық-әлеуметтік мәселесін М.Жайымбетов баяндады.
Аралға 3 айда 1 774,2 млн. теңге инвестиция тартылған. Осы уақыт ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары 1 298 млн. теңгенің өнімін өндірді. Тіректі елді мекен тізбесіне кірген Сексеуіл кентіне қыруар қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, шағын қалалар дамыту бағдарламасы негізінде аудан орталығының көшелері жөнделіп, бағдаршам, аялдамалар салынады. Аудан әкімі күрмеуі қиын мәселелерді ұмыт қалдырған жоқ. Апатты жағдайда тұрған мектеп, ауылдық клуб, кітапханалар бар екенін айтты. 
– Жағдайдың барлығымен таныспын. Аудандағы апатты жағдайдағы 8 мектептің құрылысы биыл жүреді. Ал қалған жеті мектептің қаржысын ретімен шешеміз. Жалпы ауданда осы жылы 27 әлеуметтік нысанның құрылысы жүреді, – деді аймақ басшысы. 
Кәсіпкерлердің қолдауымен аудандық орталық мешіт жаңадан салынады. Өңір басшысы осы сапар барысында мешіттің іргетасын қалады. 
Қамыстыбас ауылын туристік орталыққа айнлдыру жобасы басталып кетті. Қазір мұнда инфрақұрылым тарту жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, «Саутс-Ойл» компаниясының 100 орынға арналған пансионат құрылысы жүруде. Жалпы құны 450 млн. теңге құрайтын пансионатта жатын, емдеу-профилактикалық, асхана, сауықтыру корпустары, шағын футбол, баскетбол, теннис алаңдары және көлік тұрағы болады. Құрылыс жұмыстары күзге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.  Бұдан бөлек, жуық арада өзге нысандардың құрылысының іргетасы қаланатын болады. 
Қамбаш көлінің жанындағы «Ұландар» лагерін жөндеуден өткізуге биыл 12 млн. 395 мың теңге қаржы бөлінген-ді. Қазір мұнда балаларды қабылдауға дайындық жұмыстар жүргізілуде.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз