АРАЛДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

72

0

Кеше Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Жаныңда жүр жақсы адам» атты салтанатты шара өтті. Айта кетейік, бұл мереке 2011 жылғы Елбасының жарлығымен бекітілген болатын. Содан бері елімізде қазанның соңғы жексенбісі көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген әлеуметтік сала мамандарының төл мерекесі ретінде тойланып келеді.
Қоғамдағы ең ауыр әрі жауапкершілігі жоғары жұмыс әлеуметтік сала қызметкерлеріне тиесілі. Өйткені, олар көмекке мұқтаж жандарға рухани қуат беріп, күйбең тіршілікте қолғабыс етеді. Бүгінгі салтанатты шара осы мамандық иелерінің құрметіне арналды. Мерекелік басқосуда осы салада еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлердің еселі еңбектері еленіп, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасы басшысының және аудан әкімінің алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шараға жиналғандарды кәсіби мерекелерімен аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков құттықтап, «Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Сіздердің барлықтарыңызды осы кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Осы күні сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын және қажымас қайрат, шыдамдылық пен табандылықты тілеймін. Және де әрқашанда осындай қайырымды іспен қайырымды қадамдар жасай берулеріңізге тілектеспін»,-деп ақжарма тілегін жолдады. Сондай-ақ, осы салаға өлшеусіз өз үлестерін қосқан ардагерлерге аудан әкімінің құттықтауын табыстады.
Салтанатты кеш одан әрі еліміздегі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруда, үкіметтің отбасылық құндылықтарды дамыту және қорғау бағытында жүргізіп отырған саясаты мен оның нақты жемісін қарапайым халыққа жеткізуде маңызы ерекше әлеуметтік сала қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік концертке ұласты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз