Аралдық жастар еріктілер қатарын көбейтуге ниетті

50

0

Арал ауданында «Мәңгілік елдің жастары – Нұрлы болашаққа!» атты аудандық жастар форумы өтті, деп хабарлады аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Форумның мақсаты – ауданымызда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына, жастардың тұлға болып қалыптасуына көңіл бөлу, олардың азаматтық ұстанымдарын орнықтыру.

Жастардың басын қосқан форум «Еріктілер қызметін үйлестіру және нығайту», «Әлеуметтік желі және жастар» атты секциялық жұмыстармен басталды. Ел үшін еңбек күшін аямай, ерте жастан бастап тәжірибе жинақтап, түрлі шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген еріктілердің қызметі елеулі. Осыған орай, секция барысында еріктілермен қарым-қатынасты нығайту, олардың қатарларын көбейту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік желіні тиімді пайдалану жолдары талқыланып, жастар арасында ғаламтор арқылы сапалы ақпарат таратуға қажетті нұсқаулықтар берілді.

Форум жалғасы аудан әкімдігі, мекеме басшылары, жастар ұйымы өкілдері мен мектеп оқушылары қатысқан алқалы жиынға ұласты. Жиын барысында аудан әкімі Абзал Мұхимов аймақтағы белсенді және шығармашыл жастарға арналған «Жас толқын» атты жастар сыйлығын табыстап, өнерпаз жастарға қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге «Жастар жанашыры» номинациясын ұсынып, өз ризашылығын білдірді. Спорттық бағыттағы шараларды ұйымдастырушы белсенді жастар да аймақ басшысының марапат-қолдауынан тыс қалмады.

Аудан жастары көкейде жүрген ұсыныстарын шара барысында ортаға салып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды сараптады. Абзал Сансызбайұлы аудан әкімі ретінде аралдық жастардың тынбай енбектенуін қашанда қолдайтынын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз