Арбаға таңылған еңбекқор кәсіпкер

87

0

Арбаға таңылған еңбекқор кәсіпкерЕңкейгеннің еңсесін еңбек тіктейді.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны Орынбек Шаймағанбетовтың қол арбаға таңылғанына 12 жыл. Бірақ ол мүгедекпін деп мұқалған емес. Керісінше, тағдырдың тауқыметіне төзе отырып, жеке кәсіп ашты.
Апталдай азамат 2002 жылы көлік апатына түсіп, екі аяғынан айырылды. Оған дейін Орынбек құрылыста тер төккен. Алайда еңбекқор жігіт жерге қарап қалмады. Өмірлік жарымен бірге құрақ құрап, көрпе көктеуді кәсіпке айналдырды.
 
Орынбек Шаймағанбетов, I топ мүгедегі, жеке кәсіпкер:
– Маған енді еркек адам болғаннан кейін қыздардың ісін істеу жат емес, оған намыстанбаймын да. Күні бойы үйде қарап отырған адамның ой-өрісі төмен түсіп кете береді. Маған көбіне осы келіншегім көмек берді.
 
Жуырда қолдан келген кәсібін кеңейтуді көздеген Орынбекке жергілікті мұнай компанияларының бірі қолдау көрсетіп, 500 мың теңгедей қайтарымсыз грант беріпті. Сол қаржыға ол бірнеше тігін құралын алып, шағын цех ашты. Екі адамды жұмысқа қабылдаған.
 
Орынбек Шаймағанбетов, I топ мүгедегі, жеке кәсіпкер:
– Қазір заман дамып келе жатыр. Дамыған сайын бізде осы заманымызға лайықты дамып, бесіктің жасауын, қыздардың, балалардың қазақша көйлегін тігуді бастаймыз.
Сәттігүл Әбдіреева, Ақсу ауылының тұрғыны:
– Бұл балаларға халқымыз өте риза. Өйткені жоқтан бар жасап жатыр. Өзінің денсаулығы шамалы болса да, осындай кәсіп жасап, халықтың игілігіне беріп жатыр. Оларға көп рахмет айтамыз.
 
Орынбек Шаймағанбетовтың арманы көп. Соның бірі – шағын кәсібін ширатып, табысына баспана тұрғызып алу. Әзірге ол отбасымен бірге пәтер жалдап күн кешуде. Өмірлік ұстанымы – ешкімге қол жаймай, бір тілім нанды да адал табу. Ізінен ерген ұл-қызын ерте бастан еңбекке баулуының сыры осында жатса керек.
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз