Қармақшыда облыстық балалар шығармашылығы байқауы өтті

72

0

Қармақшыда облыстық балалар шығармашылығы байқауы өттіҚорқыттай Ұзан – абыздың күйіне күмбірлете үн қосқан, Сырдың даңқын жырмен шығарған қасиетті Қармақшы елінде аудан әкімінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, және аудандық Көшеней Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйінің» ұйымдастыруымен «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар шығармашылығы байқауы өтті. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына орай және қазақ халқының жыраулық, күйшілік дәстүрлерін халық арасында кеңінен насихаттау, ата-салт дәстүрін ұрпақ санасына сіңіру, сонымен бірге осы өнер түрлеріне балалардың ынтасын ояту және жас жеткіншектердің талаптарына дем беру мақсатында ұйымдастырылған байқауға қарт Қаратау мен айдынды Арал аймағынан 30 өнерпаз қатысып, «Дәстүрлі ән-жыр өнері» және «Дәстүрлі күй өнері» жанрлары бойынша бақтарын сынады. Есімдері елге белгілі Майра Сәрсенбаева, Айдос Рахметов, Шолпан Биімбетова, Айнуза Бегімсалова сынды өнер майталмандарымен қатар, аудандық маслихат депутаты Мұхтар Ибраев сынды жастар жанашыры қазылық еткен байқауда күйшілер арасында кіші топта І орынды жалағаштық Аңсаған Ділдабекова жеңіп алса, ІІ және ІІІ орындарға қызылордалықтар Аякөз Махмутбек пен Әсет Сабырбай және қармақшылық Алина Жомартовалар көтерілді. Ал, ересектер тобында қызылордалық Балнұр Кеңесбай бас жүлде иегері атанса, І орынды қазалылық Дәулет Досқали, ІІ орынды аралдық Әйтеке Әбдімұратов, ал жүлделі ІІІ орынды жалағаштық Бекет Ерсұлтан мен қармақшылық Мадияр Жасаңбаевтар иемденді. Сонымен қатар, дәстүрлі ән-жыр өнері бойынша бақ сынаған талапкерлер арасында қармақшылық Меруерт Ұзақбаева бас жүлдені жеңіп алса, І орынды Арал қаласынан келген Шадияр Октябрұлы, жүлделі ІІ орынды қармақшылық Шұғыла Мархабатова, ал ІІІ орынды аралдық Нұрбала Октяброва мен қармақшылық Динара Шоңбаевалар өзара бөлісті. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге, өздерінің өнерлерімен көрермендер көзайымы атанған бір топ өнерпаз алғыс хаттарға ие болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз