Қармақшылық шаруа «Ақниет» бағдарламасы аясында омарта кәсібін дамытып отыр

52

0

Қармақшылық шаруа «Ақниет» бағдарламасы аясында омарта кәсібін дамытып отырЕң қызық та қиын кәсіп түрі – омартамен бүгінгі күні екінің бірі
айналысып, бал дайындап жатқан жоқ. Жастайынан араның түрлеріне, ара
өсіруге, омартамен айналысуға ерекше қызығушылық танытып, кітап,
журналдар оқып, ізденіп, көптен ойға алып, қалай көзін тапсам деп жүрген
көп ұлттың саялы мекені болған ІІІ Интернационал ауылындағы
шаруашылықта механизатор болып еңбек ететін түрік жігіті Блут Рафикұлы
Исмайлов «Ақниет» бағдарламасы арқылы арманына қол жеткізді

Бұл туралы Қармақшы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Блуттың осы бір кәсіп түріне бейімділігін
байқаған ауылдастары байқауға жоба дайын­да­майсың ба деген ұсыныс
білдіреді. Көп ұзамай ауыл әкімшілігіндегі қызметкерлердің көмектесуімен
Блут жоба жасап, ол басқосуда жеңімпаз атанып, қайтарымсыз 500 мың
теңгенің грантын жеңіп алады.

Алғашқы жұмысын омарта орна­лас­тыратын
жерді және қажетті құрал-жаб­дық­тарды алудан бастайды. Омартаны
ұйым­дастыру үшін құрғақ жерде орналасқан, желден жақсы қорғалған шағын
жер учаскесі қажет, сонымен қатар оның маңында орман, бақша, балды
өсімдіктер өсетін шалғындар мен алаңдар болуы керек. Омарталар
конструкциясы да үлкен мәнге ие, оның сапасы жақсы, жұмысқа қабілетті
аралардың тобын құруға және омарташының еңбек өнімділігінің артуына
тікелей әсер етеді. Араның шамамен 25 мыңға жуық түрі бар. Бірақ, Блут
украиндық тұқымды 12 ара отбасын сатып алыпты. Аралар үшін негізгі
тамақтану көзі – гүл шырыны. Аралар өздері жемін тауып, қысқы азық
қорларын өздері әзірлейді. Олар жемді өңдейді, өсімдік шырынын балға, ал
гүл тозаңдарын балтозаңға, яғни ұзақ мерзімге сақтауға болатын және ара
ағзасымен жақсы игерілетін өнімге айналдырады.

– Омарта кәсібімен айналысу оңай емес. Әр
адамның сүйікті ісі болады ғой. Ал, мен жастайымнан аралар туралы
зерттеп, білуге құштар едім. Ешкім маған бұл кәсіп туралы үйреткен емес.
Ауыл кітапханасындағы аралар түрлері, оны өсірудің жолдары туралы
жазылған кітаптардың барлығын алып, оқып бітірдім. 90 жылдардың тұсында
тұрмыс ауыр болғанын білесіздер. Сол кезде осындай кәсіппен айналыссам
деген ой болды. Бірақ, оған қолымда еш қаражатым болмады. Десе де,
үйімнің айналасын жасыл желекпен көмкеруден шаршағаным жоқ. Түбі осы
кәсіпті қолға аламын деген мақсатымнан танбадым. Аралар тек гүлдермен
қоректенетіндіктен оларды көктем шығысымен ауыл сыртындағы шабындыққа
алып кетемін. Шеңгел, жантақ, жоңышқа гүлдегенде араларым еркін
жайылады. Жаз бойы тек ауыл сыртындағы көгалды жерлерде жүремін.
Көктемде арнайы келіп аралардың жайылымын тамашаласаңыздар ерекше әсер
аласыздар. Дайын болған табиғи балға ауыл тұрғындарынан сұраныс көп.
Алдағы уақытта сапалы бал өнімімен ауданды, облысты толық қамтамасыз
етуге ниеттімін. Араларымның санын 40-қа жеткізіп, балаларыма бөліп
бергім келеді. Бай болып кетпесе де омартамен айналысу бір отбасын
асырайтын кәсіптің түрі. Көбісі арадан шағады деп қорқады, қашық жүреді.
Қазір салқын түсті. Бал дайындап жатқанымыз жоқ. Себебі, аралар аз-маз
жинаған балды өздеріне қысқы азық етеді. Қазір араларымның саны 20-ға
жетті. Барлық қызу жұмыс көктемде басталады. Келер жылдан күтер үмітім
көп, табысым да жақсы болады деп сенемін, – дейді кәсібінен нәсібін
күтетін жан. Кәсіпкер балдың келісін 1200 теңгеден сатуда. Қазір
доллардың өсіп, теңгенің еркін айналымға шығуына байланысты өзгерістер
туып, азық-түлік қымбаттаса да балдың бағасын бір қалыпта ұстаймын, –
дейді Б.Исмайлов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз