ҚАРМАҚШЫНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ҚАДАМЫ

77

0

Биыл Қармақшы ауданы үшін әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экономикалық мәселелерді шешуде табысты жыл болды. Өңірде барлық саланың жүйелі жүзеге асуы жолға қойылған. Басымдық берілген бағыттар бойынша толымды тірлік жүзеге асуда. Бұған біз өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік. Киелі мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігін, кәсібі мен нәсібі, әл-ауқаты жайында тарқатып айтсақ.
Аудандағы басты жаңалық – табиғи газ мәселесінің шешім табуы. “Газ келсе, жаз келеді” дейтін жұртшылық келер жылдың көктемінде оның игілігін көрмек ниетте. Ол үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге, облыстық бюджеттен 55,6 млн теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату стансасын орнатумен қоса “Бейнеу-Шымкент” магистральды газ құбырынан газ құбыры – бұрыпының құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме “ТрансАзияКонстракшн” ЖШС директоры Сүлеймен Атаниязовпен тілдескенімізде, ол аталған жұмыстардың 2018 жылдың сәуір айында аяқталатынын жеткізді. Ия, газдандыру жұмысы аймақтың сенімді энергетикалық базасын құрып, тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының динамикасына септеседі. Ең бастысы, тұрғындар бұрынғыдай отын жиып, қала берді күл шығарып әуре болмайды. Қалай десек те, мұның өңір үшін пайдасы орасан.
Ауданды толықтай ауыз сумен қамту мәселесі де ең өзектілердің қатарында. 2015 жылы ІІІ Интернационал-Жосалы бағытында 19 шақырымдық су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп, су жетіспеушілігіне қатысты түйіткілге нүкте қойылған болатын. Алайда, халық санының өсіміне байланысты өңірде көп көлемді су сақтау қоймасын салу қажеттілігі туындады. 2017 жылы “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша Жосалы кентінен “ІІ су көтеру насос станциясын және ішкі су жүйесін қайта жаңғырту” жобасымен 5000 м3 құрайтын су қоймасы мен насос станцияның құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер “РЗА” АҚ-мен толық атқарып, іске қосты. Сондай-ақ, тұрғындарды жүз пайыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мердігер “Сәт Сервис” серіктестігімен 1364 үйге су құбырын кіргізу және көшелерге магистралды су құбырларын жүргізу жұмыстарын атқарды. Қазір аудан ауыз судың азабынан құтылды, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асқан жұмыстарға тұрғындар да дән риза.  
Бұдан бөлек, атқарылып жатқан шаралар ауқымы кең. Асыраушы саладағы байыпты бастамалар мен оң нәтижелердің өзі ауданның даму деңгейінің жоғары екендігін аңғартады. Өйткені, ауыл шаруашылығында жыл өткен сайын өсу бар, өрлеу бар. Тынымсыз еңбек жемісін беріп келеді. Даңғайыр диқандардың биыл да егін орағын ойдағыдай аяқтап, ел қамбасына астықты еселеп құйғаны баршаға аян. Мамандардың айтуынша, биыл ауданда 23702 гектар жерге әртүрлі көкөніс-бақша дақылдары егілген. Оның ішінде 14209 гектар жерге ауыл шаруашылығы саласының негізгі өнімі болып табылатын күріш дақылы отырғызылыпты. Еңбекшілердің тілегі ескерусіз қалмаған. Ардақты жандар ала жаздайғы бейнеттің зейнетін көріп отыр. Табыс өткен жылмен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Саланың ілгерілеуіне “Ақтөбе и К” серіктестігі зор үлес қосып келе жатқанын да айту керек. Жұмыла іске кіріскен ұжым жұмысы көңіл қуантарлық. Байқағанымыздай, шаруашылықтың машина-трактор паркі шетелдік қуаттылығы жоғары техникалармен жаңартылған. Бүгінде мекеме өздерінің күріш ақтау зауытын да іске қосқан. Сағатына 5 тонна күріш ақтайтын қондырғы Оңтүстік Кореядан әкелініпті. Жұмыс жасау технологиясы ерекше. Жаңа замануи қондырғы күріштің қалдықтарын бөліп, мал азығын бөлек жинақтайды. Сапасы сын көтеретін ақ маржанға айтарлықтай сұраныс бар. Қапталған дайын өнімдер еліміздің әр түкпіріне, одан қалды Ресей мемлекетінің бірнеше облысына жөнелтілуге дайын. Өздеріңіз білетіндей, көш бастаған серіктестік егін жинау науқанында күріштің әр гектарынан 76,5 центнерден өнім жинап, жыл көрсеткіші бойынша бірінші орынға тұрақтаған.
Сонымен қатар ауданда “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламаларына иек артқандардың қарасы қалың екенін аңғардық. Мал шаруашылығына серпіліс әкелуді ойлайтын Бекболат Құрманаев солардың қатарынан. Иіркөл ауылдық округіндегі “Ертілеу” қожалығының шаруасын шалқытып отырған кәсіпкер қой бағып, қозы қайырған кешегі аға ұрпақтың табысты жолын жалғастыруды ойлайтынын айтады.
– “Сыбаға” бағдарламасын тиімді қолдану мал басының өсіміне айтарлықтай серпіліс берді. Оның үстіне ауыл жұртшылығының кәсіппен шындап шұғылдануына жол ашып, бойымызға сенімділік ұялатты. Осыған орай біз де нақты іске кірісіп жатырмыз. Қазір қожалықта 221 бас мүйізді ірі қара, 345 бас қой-ешкі бар. Жалпы жер көлемі – 1122 гектар. Оның 1101 гектары жайылымдық, 21 гектары шабындық жер. Болашақта мал басын көбейтіп ғана қоймай, олардан алынатын өнімді  молайтуды ойлап отырмыз, – дейді Б.Құрманаев.
Расында, “Сыбаға” бағдарламасының берер сыбағасы мол. Сондықтан атакәсіпті өркендетуге жасалған бетбұрыстан бұра тартпау керек. Соңғы жылдары аталған салада кооперативтер құру мен сүт, ет өнімдерінің көлемін арттыруға да көп көңіл бөлініп келеді. Байыпты бастамалар қолға алынуда. Аграрлық саланың өзі жаңалыққа толы. Бұлай деуге себеп бар. Өйткені, ауданға танымал кәсіпкер А.Ешмұратова балдан кейінгі екінші орында тұрған, адам ағзасына пайдалы лимон жемісін өсіруді ойға алуда. “Микробизнес Кызылорда” бағдарламасының шеңберінде 10 млн теңге несие алып, жылыжай құрылысын аяқтаған бизнесбике бүгінде 3500 түп қызанақ пен 1500 түп қияр екті. Білікті агромамандардың көмегімен жасалған жұмыс қазір өз нәтижесін беруде. Егілген өнім алдағы 20-25 күнде дайын болмақ. Алдағы уақытта кәсіпкерлік нысанының аумағы да  кеңеймек. Соған сәйкес, бірнеше жылыжай ашу көзделіп жатыр. Құрылыс аяқталса, ол жерге жоғарыда айтқан цитрусты өсімдік егілетін көрінеді.  
Шаруашылығы шалқып, жылыжайы жайнаған, экономикасы өрістеп, әлеуеті артқан ауданның даму қарқыны міне, осындай. Елі ырысты, жері күрішті өңірде әлі талай қарқынды істер қанат жаяды. Қайнаған еңбектің қайнар көзіндей болған Қармақшының елге ризық-несібе әкелетініне сенім мол.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз