Астана күніне орай Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды

34

0

Астана күніне орай Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылдыБүгін Астана күні қарсаңында Арал ауданы Қамыстыбас елді мекенінде 150
орындық Мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл туралы
облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл халқына рухани
нәр беретін екі қабатты Мәдениет үйі кітапхана, би залы, 150 орындық
акт залы, грим жасайтын бөлме, үйірме бөлмелері және киноқондырғы,
музыкалық аспаптармен жабдықталған. Енді жаңа мәдени ошақ жастардың бос
уақытын тиімді өткізулеріне себеп болмақ.

Ауыл тұрғыны Жанар Ұзақбаева: «Астана күні
мерекесі қарсаңында ашылған ауылдық клуб біз үшін үлкен сый болып отыр.
Бұрын мәдениет ошағы болғанымен, дәл осындай заманауи үлгіде болған жоқ.
Сол үшін қуаныштымыз», – деді.

Ауылдық клубтың ашылу салтанатына облыс әкімінің
орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына
ортақтасты. Мәдени шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары
елімізде халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасалынып жатқан жұмыстарға
тоқтала келіп, жаңа мәдени орындардың ұлттық өнеріміздің дамуына серпін
беретініне сенімін білдірді. Мұнан соң, игілікті іске жиылғандар Ақан
Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалады.

Сондай-ақ, Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылында 90
орындық «Жауқазын» балабақшасы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің
орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, мемлекетіміздің тірегі, ұлттың
болашағы – балаларымыздың өсіп, оқып, білім алуы, азамат болып,
қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.

Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша 56 мектепке
дейінгі ұйымда 4 мыңнан астам бала тәбиеленуде, 3-6 жас аралығындағы
балалардың балабақшамен қамтылуы 89 пайыз. Биылғы жылдың соңына дейін
облыс бойынша бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу жоспарланып
отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз