Астанада Президенттің төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы өтуде

57

0

Астанада Президенттің төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы өтудеАстанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің 30-шы жалпы отырысы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жолғы кеңеске қатысушылар «Болашақ энергиясы» тақырыбын қаузамақ. Алқалы жиын барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Еуропалық қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабарти, «GE Oil & Gas» компаниясының бас директоры Лоренцо Сименелли, «Эни» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, Азия даму банкінің вице-президенті Дивакар Гупта және басқалары сөз сөйлейді деп күтілуде.
Есте болса, өткен жылдың 26 мамырында өткен Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның келесі мерейтойлық 30-шы отырысын «ЭКСПО-2017» көрмесі алаңында өткізуді ұсынған болатын. «Қазақстан үшін таяу онжылдықтағы басты міндет – дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиялық мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретін экономикалық дамудың мүлдем жаңа моделін құру. Бізге жүйелі шаралар қабылдау қажет, біз онымен айналысып та жатырмыз. Жеке сектордың басымдық рөлімен адами капиталды дамытудағы елдің бәсекелестікті басымдығын барынша пайдалану да керек шығар. Біз мұнымен айналысатын боламыз.
Дегенмен, біз «ЭКСПО-2017» аумағында орналасатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы тақырыбын талқылағандықтан келесі отырысты «Жаңа энергия» деп атап, оны көрменің ашылуы кезінде сол территорияда өткізуді ұсынамын», – деген еді Н.Назарбаев. Айта кетейік, Шетел инвесторлары кеңесі Қазақстан Президентінің төрағалығымен өтетін кеңесші-консультативті орган болып саналады. Кеңес 1998 жылы елдегі инвестициялық қызмет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз