А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың мамандары Қызылордада озық тәжірибелерімен бөлісті

36

0

А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың мамандары Қызылордада озық тәжірибелерімен бөлісті Бүгін облыс әкімдігінде Алматы қаласынан арнайы келген А.Сызғанов
атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың мамандарымен кездесу
өтті. 

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Ұлттық ғылыми
хирургиялық орталықтың бас директоры, медицина ғылымдарының докторы,
профессор Жеткерген Арзықұловқа өңіріміздің медицина саласын дамытуға,
дәрігерлер жұмысының сапасын жақсартуға қосып жүрген үлесі үшін алғысын
айтты.

 – Өңірімізге соңғы үш жылдан бері жүйелі түрде
көмекке келіп отырған, еліміздегі бірден-бір хирургиялық қызметті
дамытудың стратегиясын айқындайтын, хирургиялық ауруларды емдеудің осы
заманғы озық технологияларын қолданатын бас ғылыми медициналық мекемеге
және оның мамандарына алғысымыз шексіз. Сіздер мен біздер еліміздің
медицина саласын халықаралық деңгейге көтеру үшін аянбай еңбек етуіміз
керек, – деді облыс әкімі.

Үш жыл бойы орталық қызметкерлері Қызылорда
облысындағы медициналық мекемелерге барып, тәжірибелерін ортаға салып
келеді. Мамандар тек хирургиялық саладағы жаңалықтарымен, инновациялық
технологияларымен ғана бөлісіп қоймай, жергілікті дәрігерлерді оқыту мен
науқастарды емдеу ісін қатар жүргізуде. Сондай-ақ, кездесу барысында
А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың базасында
білімдерін жетілдірген, облыстағы денсаулық сақтау саласының түрлі
салалары бойынша қызмет жасап жүрген үйлестіруші-дәрігерлер
марапатталды.

Айта кетейік, өңіріміздің медицина саласын
дамытуға, дәрігерлер жұмысының сапасын жақсартуға жан-жақты қолдау
көрсетіліп келеді. Былтыр заманға сай жасақталған облыстық Ана мен бала
орталығы пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда бұрын жабылып қалған 13
ауылдық аурухана қайта қалпына келтірілді. Облыстық медициналық орталық,
Арал және Жаңақорған ауданының емханалары жылжымалы медициналық
кешенмен жабдықталды. Аудандардағы жылжымалы медициналық кешеннің
көмегімен шалғай жатқан елді мекен тұрғындары медициналық тексеруден
өтуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, 75 санитарлық автокөлік пен 16
реанимобиль сатып алынып, медициналық барлық мекемелер автокөлікпен
толықтай қамтылды. Өңірлер арасында денсаулық сақтау саласы бойынша бір
тұрғынға жұмсалатын шығын – 53105 теңге болып, Қызылорда Астанадан
кейінгі екінші орынға шықты. Сондай-ақ, былтыр Қызылорда облысы елімізде
4-ші болып бүйрек ауыстыру отасын жасады. Облыста медицина саласын
дамыту, тұрғындардың саулығын сақтау, оларға сапалы медициналық көмек
көрсету бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз