
«Екі күннен бері үздіксіз соғып тұрған желдің жылдамдығы 20-25 м/сек. Бүгін таңертеңгі сағат 7-10 аралығында соққан күшті желдің әсерінен қоймадағы су толқыны күшейіп, бөгетке ұрып, бөгеттің осал тұстарына қауіп төндіріп өтті. Алайда жел бәсеңсіген соң қауіптілігі де төмендеді. Дәл қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына еш қауіп жоқ» деп хабарлайды аудан әкімдігі баспасөз қызметі. Су қоймасынан 20 текше метр су «Тастақ» арнасына тасталып, қоймадағы су деңгейі төмендетілуде. Дегенмен қауіптің алдын алу мақсатында 10 Камаз тас, 2 жүк тиегіш техника мен облыстық «КазСушар» басшылығы мамандары, аудан әкімі, тиісті сала басшылары су қоймасы басында болып, жағдайды толық бақылауда ұстауда. «Қазіргі таңда елдімекен тұрғындарына су қоймасынан ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ»,- деп мәлімдейді аудандық су шаруашылығының басшысы Ә.Ахметов.