Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

47

0

 Қызылорда. Облыстық ішкі істер департаменті Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толуына орай жиын өткізіп, жас полиция қызметкерлері мен Ауған соғысы ардагерлері арасында кездесу өткізді. Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін жастарға үлгі етіп, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін өнегелі ойлар айтылды. 
1979-1989 жылдар аралығында болған соғысқа Қазақстаннан 22 мың 269 қазақстандық қатысып, олардың 924-і Ауған даласында ерлікпен қаза болса, 1 мың 15 адам мүгедек болып елге оралып, 21 жас жауынгер хабарсыз кетті. Ал, Қызылорда облысы бойынша Ауған соғысына 827 адам қатысып, оның 18-і қаза болды. 30-дан астамы елге мүгедек болып келді. Солардың ішіндегі қызылордалық жауынгер «Қызыл жұлдыз» орденімен және басқа да наградалармен мараппатталған. Жерлесіміз Владимир Оширов «Кеңес Одағының батыры» орденімен марапатталған.
Шара барысында Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары Ә.Шаймағамбетов Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі бүгінгі жастарға мықты тәлім болатынын айта кетіп, мұндай кездесулердің жас қызметкерлерді тәрбиелеуде негіз болатынын білдірді. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінде 4 Ауған соғысының ардагері қызмет атқарады.  Ал 18 Ауған соғысы ардагері ішкі істер органында қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Жиында сөз алған Қызылорда облысындағы Ауған соғысы ардагерлері Кеңесінің төрағасы Қайриддин Баймаханов сұрапыл жылдардағы жауынгерлердің басынан кешкен қиындықтары жайында тілге тиек етті. Жиын соңында Ауған соғысы ардагерлеріне Департамент бастығының алғыс хатымен сыйлығы тапсырылып, Ауған соғысы жайлы деректі фильм көрсетілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз