АУДАНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН

66

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов жылдың 9 айын қорытындылап, журналистерге арнап брифинг өткізді.
Ауданның басты жетістігі – барлық ірі елді мекендердің ауыз сумен қамтамасыз етілуі.  
– Жосалы кентіндегі 1364 тұрғын үйге ауыз су құбыры кіргізілді. Қазіргі таңда жобада қарастырылмаған үйлерге ауыз су желісі тартылуда. Барлығы 18 ірі елді мекенде ауыз су мәселесі толығымен шешілген,  – деді аудан әкімі.  
Ауданға газ жеткізетін мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, 14,8 шақырым болатын жоғары қысымды газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл болашақта ауданда сенімді энергетикалық база құрылып, тұрақты экономикалық өсуге мүмкіндік береді деген сөз.
Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп пен балабақша қазақстандық стандарттарға көшкелі бері Қармақшы ауданына қарайды. Бірақ жалдық сипаттағы қаланың коммуналдық қызмет ақысы аспандап тұр. Газдандырудың игілігін пайдаланғалы бері ырыққа көнбей тұрған баға біршама төмендеді.  
Қармақшылықтар ғана емес, тұтас Сыр елі болашағынан үміт күтіп отырған жоба – «Ақтөбе и К» ЖШС-ның құс фабрикасы. Бұл жоба өткен жылы Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына енген. «Байқоңыр» ӘКК» ҰК АҚ-ның қатысуымен (үлесі 49%) құс фабрикасының құрылысы басталып кетті. Кәсіпорынға қажетті сыртқы инфрақұрылымын жүргізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Құрылыс барысында 200 адам, іске қосылған кезде 80 адам жұмыспен қамтылады. Амандық болса, алдағы жылы құс фабрикасы пайдалануға берілмек.  
Аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды айта келіп, жастар мәселесіне жіті назар аударылғанын жеткізді. Өткен жылы мектеп бітірген 624 түлектің 15-і жоғары, орта арнаулы оқу орындарына түсе алмады. Бүгінде оның 11-і жұмыс істейді, 2-і әскер қатарына алынған. Тағы бір айта кетерлігі, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 100 пайызға жетті.
Қармақшы оқушыларға арналған демалыс лагері жоқ бірден-бір аудан еді. Көптен күткен лагерь құрылысы басталды. Биыл 500 млн теңге, келер жылы 680 млн теңге бөлініп, жыл он екі ай жұмыс істейтін лагерь пайдалануға берілмек.  
Аудан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, мұнда жол бойы сервисін дамыту мүмкіндігі мол. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Қармақшы ауданына тиесілі бөлігінде 4 жол маңы сервистік қызмет көрсететін нысан жұмыс жасап тұр, тағы 1 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Брифингте аудан әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі алғашқы жетістіктердің бірі – Ақай ауылындағы «МеаПрим» ЖШС-ның күріштен жасалған қытырлақ тағамдар цехы өндірген өнімді көрсетті. Қазір дүкендерді жаулап алған чипсы өнімдерінің баламасын шығаруды қолға алғандар өнім  күріш қалдығынан жасалғандықтан, оған «рипсы» деген атау беріпті. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында іске асырылып, 5 адам жұмыспен қамтылды. Құны 8 млн теңгені құрайды. Цех тұрақты жұмыс жасап, өнімдерін елді мекендерге өткізуде. Сондай-ақ, кәсіпорын өз өнімін өткізу мақсатында ірі дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Серіктестік басшысы қытырлақ тағаммен қалып қоймай, одан әрі күріш қалдығынан крахмал, спирт өндіруге бетбұрыс жасап отыр. Жалпы, күріш қалдығының өзінен 50-ден астам өнім өндіруге болады екен.
Тұрғындары атакәсіп – мал бағуға бейім болғандықтан, Қармақшыда «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық» бағдарламалары жемісті жұмыс істеп тұр. Жыл басынан «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5 шаруа қожалығы 42,1 млн теңге несие алды. Бұл шаруа қожалықтарда 15 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, өз қаражаттары есебінен 4 шаруа қожалығы қазақтың ақбас асылтұқымды бұқаларын алған. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 233 бас аналық сиыр, 10 бас бұқа алынған. «Құлан» бағдарламасымен «Қорқыт елі» несие серіктестігі арқылы Жосалы кентінен «Мырзабаев» ЖК 2,9 млн теңге несиеге 10 бас аналық, 1 бас асылтұқымды айғыр және «Жорта» ШҚ 5 млн теңге несиеге 7 бас асыл тұқымды айғыр, 9 бас бие, Жосалы кентінен «Алмат» ШҚ 6,7 млн теңге несиеге 2 бас асыл тұқымды айғыр және 24 бас бие сатып алды.  
Қармақшы – тарихи ескерткіштерге бай аудан. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Киелі жерлердің географиясы» жобасын жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі. Қазақстанның киелі жерлері тізіміне мұндағы ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, «Қорқыт ата» ескерткіш-кешені,  Бәбіш мола қалашығы, Марал ишан мазары мен Қалқай ишан кесенесі енгізілді. Биыл Шірік-Рабат және Сортөбе қалашықтарына археологиялық зерттеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазба жұмыстары жүргізілді.
Брифинг соңында С.Мақашов журналистердің сауалдарына жауап берді.  
М.МЕРЕЙ.
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз