Ауылын оздырған азамат

45

0

Ауылын оздырған азаматОсыдан алты жыл бұрын Қызылорда қаласындағы колледждердің бірінде дәріс оқып жүргенімде, ерте көктемде студент жастарды қаланың батыс жағында орналасқан аты республикаға танымал «Абзал и К» серіктестігіне бастап бардым. Мақсатым − жастар еңбек адамының өмір жолымен, компанияның тыныс-тіршілігімен таныссын, өмірге деген құштарлығы, бизнеске деген қызығушылығы артсын дегендік еді.
Алдын ала келісілген мерзімде бізді серіктестік басшысының өзі қарсы алды. Ысылсын деген оймен әдейі жастардың өзіне сұрақ қойдырдым. Сол сәтте студентім Бердібек Сафаров: «Ағай, сіз осы мамандыққа қалай келдіңіз?» деп сұрап үлгерді. Ол күлімсірей қарап: «Менің негізгі мамандығым құрылыс инженері ғой, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын «құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітіргенмін. Еңбек жолымды 80-жылдардың соңында «Қызылорда үй құрылысы» комбинатында шебер болып бастағанмын. 80-жылдардың соңындағы экономикалық тоқырау маған да, менің отбасыма да өз салқынын тигізді. Комбинат жалақы орнына құрылыс материалдарын беретін, айлап жалақы алмаған кезіміз болды. Алдағы күннен үмітті жас жігітпіз ғой, үйленіп отбасын құрсам қажет болар деп жинаған құрылыс материалдарын азық-түлікке, күрішке айырбастадық. Айырбас сауда, бартер дегеннің дәмін алғаш рет сол жылдары таттық. Сол жылдары Сыр өңірінде өндірілетін мехнаты көп күріш дақылының барынша төмен бағаланатынын біліп іштей қынжылатын едік. Осылайша бизнес деген белгісіз әлемнің есігінен ептеп енгенбіз», деді Абзал Жұмашұлы. Осы сәтте және бір студент: «Компания қалай құрылды? Қанша адам болды?» деп жеделдете сұрағын қоя бастады. «Жаңа айтып өткенімдей сол кезде компанияның басшысы да, жүкшісі де өзім болдым. Уақыт тығыз, 25-50 кило күріш салынған қаптарды тасу да, жеткізу де оңай емес еді, әрине. Бірақ, мен қалай да табыс табамын, ата-анамды, бауырларымды алға шығарамын деп тырыстым. Ата-анам десем, ауылым еске түсетін. Ауылдың көркейген келбетін, ата-анамның дәулетті тұрмысын көргім келетін. «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, жаныма бауырларым Мұрат, Марат Сәрсенбаевтар келді. Сөйтіп, компанияның іргетасы 1994 жылы қаланды», дейді компания басшысы. Күріш зауыты дегенге жүздеген, мыңдаған адам еңбек ететін зауыт па десек, бәрі жинақталған, жүйеленген өндіріс ошағы екен.
Тап-тұйнақтай таза аула, жерден төбеге дейін ұқыпты жиналған күріш салынған қаптарға сірескен қоймалар, күріші бөлек, күрмегі бөлек, тек пультпен басқарылып тұратын неміс, корей, қытай технологиясымен жабдықталған зауытыңыз осы. Ал келесі кереметке көз тоймай қарадық. Наурыздың қатқақ қары сөгіле бастаған мезгілде жайнап тұрған баққа кез болдық. Бұл – компанияның гүл өсіретін жылыжайлары еді. Іште 25-30 градус температура көрсетіп тұрды. Осы жылыжайда өсірілген гүлдер Нағи Ілиясов ауылының көшелерін көмкеріп, көркемдеп тұрады. Компания өнім өндіруден тәжірибе жинақтай отырып, әлемнің күріш өсіруші елдерінің технологиясын өз өндірісіне қосты. Қазірде де батыстың яки неміс технологиясының іске қосылуы нәтижесінде сағатына 5 тоннадан астам күріш ақтап, жылына 30-35 мың тонна күрішті өңдеп, сұрыптап саудаға шығаруда. «Абзал и К» серіктестігінің өнімдері әлемдік стандарттың сұранысына жауап береді. Абзал азаматтың туған ауылын көркейту үшін жасаған еңбегі халықтың шынайы ризашылығын туғызды. Шылқыған байлық пен сән-салтанатты өмір сүріп жатса да, қаріп-қасер мен жетім-жесірге қарайласпайтын қайырсыздар толып жатыр емес пе? Ал біздің кейіпкеріміз нағыз «Атымтай жомарттың» өзі. Бір өзі екі ауылды бірден көркейтіп гүлдендіруге уақытын да, қаржысын да аяған жоқ. Абзал Ералиев өз әріптестері мен ауылдастарының еңбегіне сай ақы төлеп, 3 отбасына өз қаражатынан баспана тұрғызып берді. Халқының ризашылығын тудырған тағы бір қарекеті − 2015 жылы қаланың «Ақмешіт» шағын ауданынан күмбезі көкке жарқыраған имандылық үйі − мешіттің салынып пайдалануға берілуіне мұрындық болған да осы Абзал азамат. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге мейлінше мол үлес қосқаны және ауылды абаттандырудағы ерекше еңбегі үшін Абзал Ералиевке «Қазақстанның Еңбек ері» атағы берілді. Еңбектің өтеуі қайтқан деген осы. Қазақстан байтақ ел, бейбіт Отанның әрбір тауы мен тасы, сылдырап аққан бұлағы, сағымдай созылған сар даласы ерлердің еңбегімен жайнап, жасарып келеді. Күрішті атыздарда күні-түні заманауи техникамен жұмыс жасайтын кезең туды. Әйтсе де, ата кәсіп жүзі күнге шағылысқан кетпенді арқалаған ағам Ешмұрат күріштің нарқын көтеріп, бәсекеге бел шеше кіріскен Еңбек Ері Ералиевке сенеді. Егемен елдің еңбек торысы Ералиев ел үмітін ақтады.


Кенжегүл ҚАДІРОВА,
С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің
оқу ісі жөніндегі орынбасары,
жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз