Қауынның құнын сатқан білер

104

0

Қауынның құнын сатқан білерОйды ой қозғайды, үстіміздегі жылғы 18 ақпан күнгі «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Сыр қауымының сапасын қайткенде жақсартамыз?» атты мақала менің көзім куә жайттарды жаңғыртуға түрткі болды. Сөйтіп, 1987 – 2001 жылдары болған оқиға ойға оралды. Жаңақорған ауданында өсірілген қауын, қарбыз сорттарынан Ресейдің Тюмень облысына, Мәскеуге жыл сайын 300 тоннадай жіберіліп, олардың әрбір 10 тоннасына бір вагон мөлшерінде ағаш, құрылыс материалдарын әкеліп тұрдық. Жалпы аудан Тюмень облысының Советский ауданымен тығыз әріптестік байланыста болып, құрылыс материалдарын дайындайтын Леспромхоз, Лесхоз мекемелеріне табиғи жоңышқа шөбі, күріш, асқабақ, ақ ұсақ қауын, қарбыз, т.б беру арқылы 14 жыл бойы 500 вагон ағашты тұрақты алып тұрды.
Айтпағым, 14 жыл бойы 3180 шақырым аралық қашықтыққа шыдас беріп, сапасын жоғалтпаған қауын-қарбызды еске түсірді. Тауар 6-8 күнде вагонмен жетіп баратын. Бұл жерде бір қозғайтын мәселе,  неғұрлым ұзақ мерзімге сапасын жоғалтпайтын сорттарымыз сары және қара күләбі, қалайсан болғанмен, олар тауарлық түрлеріне қарай сұранысы төмен тұрды. Ал, ең тиімдісі сары түркімен сор¬ты болып шықты.
 Бұл қауын сырты жылтыр сары, жақсы піскен кезде қызғылт болып көзді тартатын, иісі өткір, өте тәтті, орташа салмағы 3-6 кг құрайтын. Сол кезде Тюмень облысындағы орташа әрбір данасының бағасы 300-600 сомды құрап, біздің бағадан 20 есеге дейін қымбат сатылды.
Вагонға тиеу алдында суғаруды тоқтату, үзуде сабағын кесу, жолға дайындау мерзімі сияқты талаптарды қатаң сақтағанда қауын бір ай мерзімге шыдас беріп, сапасын сақтайтын. Соған сай 6-8 күн жол жүріп барған қауынымыз 20 шақты күн ішінде межелі бағада сатылып, оның орнына әрбір 10 тоннаға 1 вагон ағаш құрылыс материалын алып отырдық. Әрине, сатылу бағасы қымбаттаған сайын сол құрылым табыс молайып, тұрмыс көтеріледі. Сол үшін өндірілген тауар сұранысқа ие базарға жеткізілуі тиіс, оның тұтынушысын табу немесе менеджмент қызметі жақсы ұйымдастырылғаны жөн. Әрине, өнім өтімді болуы ұрық сапасына қатысты және ерте егіп шығарумен қатар химиялық тыңайтқыштар беру дәрежесін қатаң шектеп, қазіргі жағдайда мүмкіндігінше дария суын емес, тау бұлақтарының су көздерін пайдаланған абзал. Сондай-ақ органикалық тыңайтқыш қолданған қолайлы. Мен 14 жылдық тәжірибеме сүйенсем, ауыл шаруашылығы өнімдерін сату барысында көп қиыншылыққа кезіктік. Әсіресе, шөптен сары шырмауық шығуы, қауын-қарбыздан улану дәрежесінің жоғарылап кетуі кедергі келтіреді. Десек те, жолын тауып өткізіп, елге айтарлықтай табыс әкеліп тұрдық.
Өкінішке орай, маған еріп, қиындыққа төзіп, жұмысты тиянақты жалғастыратын азамат табылмады. Ал, жұмыстың жандануына басты қолдаушы болған Сәмит Далдабаев, Нұртаза Ыбыраев ағаларға дұрыс бағыт бергеніне алғыс айтуым қажет.
Географиялық орналасу, климаттық жағдайымыз басқа облыстармен, Өзбекстанмен салыстырғанда өте қолайлы болғандықтан, әлі де қауын, қарбыз, асқабақ, т.б өнімдерді өндіріп сату бүгінгі күнге дейін күшін жоймаған. Экономикалық рычагтың негізгі бір түріне жататыны ақиқат. Сол кездегі облыс әкімі Б. Сапарбаевтың жеке қабылдауында болып, жағдайдың барысын баяндаған едім. Әкім 5 вагон қауынға сатып алған ұн бір ауыл қауымына  бір жылға жететін азық екенін  есептеп, аймақ үшін тиімді  жағын ескеріп, Тюмень облысының сол кездегі губернаторы Ю.С.Рокецскийге хат жазды. Сөйтіп Тюмень қаласы жанынан бос тұрған сауда базасын жалға беруді сұрады. Губернатор бұған келісті.  Алайда, облыс басшысы ауысып кетіп, іс соңына жетпеді. Біз мұнымен шектеліп қалғымыз келмейді. Әлі де «Тюменьоблснабсбыт» мекемесінің басшысы С.Т. Степаниянмен келісім жасауға болады. Оған билік тарапынан қолдау қажет.
Бұрын «Бесарық» су қоймасының суына егілген сары күләбіні мәскеуліктер жыл сайын 200 тонна алып тұратын. Сол «Госхлорпроект Сиал Сервис» мекемесіндегі (ішінде Кенжетай Рамазанов деген бір қазағы бар) жігіттер әлі күнге хабарласып тұрады. Осы бағытта кәсіпкерлік байланысты тағы жалғауға, бұл үшін көктемгі егіс жағдайына мән беріп, қауын егуді қолға алсақ, құба-құп болар еді.
 
Алшынбай ТҰРТАНОВ,
ҚР Құрметті құрылысшысы.
 
 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз