АҚЫЛДЫЛАР ОЙЫНЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

148

0

Қаладағы «Достық үйінде» жексенбі күні гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған шахмат турнирінің жабылу рәсімі болып өтті.

Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаз команданы марапаттады.

– Шахмат – ақылды әрі парасатты адамдардың ойыны. Облысымызда ұйымдастырылған гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған турнир жоғары деңгейде өткізілді. Шахматшылар сайысына қатысқан ойыншыларға жарқын болашақ тілеймін, – деді ол.

Айта кетейік, аталған турнирге еліміздің барлық аймағынан және Ресей мен Қырғызстаннан 200-ден аса жас шахматшылар қатысты. Бір аптаға созылған турнир аясында түрлі танымдық және спорттық шаралар өткізілді.

– №4 «Дарын» балалар мектебінің ұжымы қатысушылар үшін бірқатар шаралар ұйымдастырды. Алғашқы күні танысу кеші өткізілсе, одан кейін Ахат Ибраевтың «Аңыздар кітабы» атты фильмі көрсетілді. Сондай-ақ, би кеші мен «Полиглот» жарысы өткізіліп, балалар бір-бірімен жақынырақ танысты, – деді облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» қосымша білім беру орталығының әдіскері Әсел Ахметова.

Сонымен қатар, облыстық жастар ресурстық орталығы турнир қатысушыларына арнап экскурсия ұйымдастырып, қаланың көрікті жерлерін аралатты. Аталған орталықта психологиялық тренинг өткізіп, үстел теннисі, стритбол және басқа да спорттық шаралардың өткізілуіне ұйытқы болды.

Біз өз кезегінде өзге аймақтардан келген қонақтарды да сөзге тартқан едік. Соның бірі – Досан Даңғылбаев.

– Мен Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс жасаймын. Бұл турнирге 6 оқушы әкелдім. Нәтижесі жаман емес. Бір оқушым 1-орын алса, тағы біреуі 3-орыннан көрінді, – деді ол.

Бір аптаға созылған ақылдылар сайысында тараздық жеткіншектер 3-орын алса, Атыраудан келген ойыншылар 2-орынды иеленді. Жүлделі 1-орынды Ақтөбе облысының командасы қанжығасына байлап, турнир жеңімпазы атанды.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз