Ағылшын тілінде білім берудің ерекше амалы

60

0

Ағылшын тілінде білім берудің ерекше амалыОблыстық білім басқармасы жаратылыстану пәндерін жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту мәселесіне басқа қырынан келді. Ол үшін ерекше бағдарлама әзірледі. Жаңа үлгі бірінші боп 46 мектеп-лицейдің лицей сыныптарына қолданылса, кейін оған өзгелер ілеседі. 
– Ол үшін аптасына қосымша 4 сағат оқу жүктемесін енгіздік. Ағылшын тілін аптасына 3 сағаттық үйірме есебінде қосымша үйрету, университет ғалымдарының дәрістерін ұйымдастыруға жылына 1 500 сағат көлемінде оқу жүктемесін қарастырдық, – деді басқарма басшысы Бақытжан Сайлыбаев Өңірлік коммуникациялар орталығының брифингінде. 
КАТЕV халықаралық қоры мен облыс әкімі арасындағы меморандумға сәйкес 2015-2016 оқу жылынан бастап М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде ағылшын тілін меңгерген физик, математик, информатиктерді даярлау пилоттық жобасы бізде бірінші басталды. 150 студент бүгінде осы бағдарлама бойынша білім алуда. 2018-2019 оқу жылы 75 түлек мектеп-лицейлерде дәріс беретін болады. Ағылшын тілінде сабақ беруге қазақ-түрік лицейінің түлектері де тартылуда. Былтыр химия-биология мамандықтары бойынша оқу бітірген 2 түлек дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа жұмысқа қабылданды. Физика-математика, жаратылыстану факультеттерінде оқитын тағы 5 студентке жұмыс дайын. 
– 46 инновациялық білім беру ұйымында шетелдік ерікті мамандарды тарту ісін бастап кеттік. Қазіргі күні осындай 5 адам тәжірибелерімен бөлісуде, – деді Б.Сайлыбаев. 
Брифингте салада атқарылған жұмыстар мен мақсат-міндеттер айтылды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданының Төменарық, Нәлібаев ауылдарындағы, Қармақшы ауданының Жосалы кентіндегі апатты жағдайдағы 3 мектеп қайта салынады. Республикалық бюджет есебінен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Арал, Жаңақорған мен Қазалыда 4 мектептің құрылысы басталады. Әбден тозығы жеткен 12 мектеп мамыр айына дейін салынып бітпек. Осындай жағдайдағы мектепке дейінгі 9 білім беру мекемесін қайта салуға да бюджеттен қаражат бөлінді. 
Өткен жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар саны 143-ке артты. Балабақшалардың 70,8 пайызы – жекеменшік. Елбасы осы орайда Жолдауда кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту бағытында Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарының жетістіктерін үлгі етті. 2016 жылы 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылу көрсеткіші алдыңғы жылғыдан 1,9 пайызға өссе, 3-6 жастағы балалар толық қамтылды. 1-3 жас аралығындағы балаларды бөбекжайлармен қамту республикада 16 пайызды құраса, Қызылорда облысында әзірге 5 пайызға жетер-жетпес. 
«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасына сәйкес биыл 9 және 11-сыныпты бітіруші 6225 оқушыға жұмысшы мамандығын тегін алуға мүмкіндік туып отыр. Сонымен бірге, бұрын мектеп бітіріп, кәсіби білім ала алмаған, колледждер мен ЖОО-дан түрлі себеппен шығып қалған, жұмыссыз, өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған 1335 жас қысқа мерзімді кәсіби даярлау, қайта даярлау курстарынан өтеді.
– Жұмысшы мамандарын даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. Бүгінгі күні мектеп бітірушілер және жұмыспен қамтылмаған жастарды есепке алу, олардың арасында  арасында кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы. 
Ағылшын тілінде білім берудің ерекше амалыӨткен жылы 57 дарынды оқушы Ресей, Грузия, Саха елінде, Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанды. Биылғы жыл да жетістіктермен басталды. Брифингке халықаралық олимпиадаларда елдің атын шығарып жүрген республикалық құрама команда мүшелері Қуаныш Анарбай, Әли Тілек, Азамат Мұхтар қатысып, жетістіктері туралы айтып берді. Айта кетейік, ер балаларға арналған № 9 қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Қ.Анарбай жыл басында Жәутіков атындағы халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын. 
Н.САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз