Аймақ басшысы аяулы аналарды мерекелерімен құттықтады

50

0

Мереке 
қарсаңында  облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев өңірдің әр саласында табысты еңбек етіп жүрген бір топ нәзік
жандыларды қабылдады. Аймақ басшысымен кездесуге 60 тан астам әйел-аналар
келді. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, батыр ана Сәлима Жұмабекова,
Ұлы отан соғысына қатысушы Любовь Колесник, тыл ардагері Фазила Махамбетова,
қоғам қайраткерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, мұғалімдер,
дәрігерлер, балықшы, кәсіпкер, қол өнер шеберлері, геолог, актриса, мәслихат
депутаттары, ауылдық округ әкімдері, спортшы, этномәдени бірлестік жетекшілері,
журналистер, механизатор, ауылшаруашылығының еңбеккерлері болды. Аймақ басшысы
барша жиналғандарды көктемнің алғашқы күндерінде келетін шуақты мерекемен
құттықтады.
         – Бәріміз асыға күткен көктемнің алғашқы
мерекесі де келіп жетті. Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық сезімдерге толы.
Өйткені, бұл күн – асыл жанды аналарымыз бен аяулы қыздарымыздың, жаны жайсаң
жеңгелеріміз бен инабатты келіндеріміздің қуанышы. Олай болса Сіздерді осынау 8
Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс
әкімі Қ.Көшербаев.
            Әйелдің білегі ерінікі, тілегі елінікі демекші, ақ жаулықты аналар қашан да
елдің тілекшісі. Барша аналардың атынан социалистік еңбек ері Сәлима Жұмабекова
елдегі берекелі істерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
        

Бүгінгі шарада мүмкіндігі шектеулі
жандар да назардан тыс қалмады. Мерекенің шарапат шуағына, мейірім
сәулесіне  бөленген олардың
әрбірінің  қоғамдағы орны ерекше. Үстел
басына жиналған нәзік жандылар арасындағы Зәуре Өксінбаеваға облыс әкімі
Бурабай демалыс аймағына жолдама табыстады. Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі
жан Зәуре Балтабайқызы осыдан бір ай бұрын өткен аймақ басшысының халық
алдындағы есепті кездесуінде, денсаулығына байланысты демалыс орнына барғысы
келетінін айтып өтініш жасаған болатын.

Салтанатты жиында
айтылған ақ тілектер мен шырқалған әсем әуендер барша мереке иелеріне көтеріңкі
көңіл-күй сыйлады. Шара барысында аналарға арнап «Менің Қазақстаным»
республикалық музыкалық фестивалінің Гран-при иегері К.Луца әннен шашу шашса,
өзге ұлт өкілі болса да қолына қазақтың қара домбырасын алып, қоңыр күйді
күмбірлетіп жүрген Кристина Тигай  Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап
берді.
Қабылдауға келген әйел-аналардың
барлығына гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз