Сахара перзентінің үні

109

0

Сахара перзентінің үніАймақтың төл перзенті, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бірнеше әдеби көркем туындының авторы, халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы өзінің туған жеріне келіп, оқырмандарымен жүздесті. Дәлірек айтсақ, Жалағаш ауданы әкім¬дігінің қолдауымен Қ.Қазантаев атындағы ау¬дандық мәдениет үйін¬¬де жазушының шы¬ғармашылығына арналған «Сахара ауылы перзентінің үні» атты әдеби-музыкалық кеш болып өтті.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, өмір жолында туған жерінің тұғырын биік ұстап, қаламгерлік әлеміндегі жемісті еңбектерімен оқырманның шексіз құрметіне бөленіп жүрген Ертай Айғалиұлының деніне саулық, шығармашылығына толағай табыстар тілеп, облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының «Құрмет грамотасын», аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Сондай-ақ, ата салтымызға сай иығына зерлі шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Келесі кезекте ҚР Мәдениет қайраткері, «Zaman-Қазақстан» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі Б.Бүркітбаев жазушының шығармашылығы жайлы баяндама жасап, Ертай Айғалиұлының балалар әдебиеті бойынша жарық көрген романдары мен хикаяттарына,   публицистикалық шығармаларына  және журналистік тұрғыдағы табанды еңбектеріне жеке-жеке тоқталып, қарымды қаламгердің әдебиет әлеміне қосқан үлесінің салмақты екенін ерекше атап өтті. 
Кеш қонағы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қ.Есімсейітова құттықтау лебізін білдіріп, жазушының балалар шы¬ғар¬машылығына ден қойып, бірнеше туындыларын тарту еткенін жас ұрпақтың санасын ұлттық рухта тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз еңбек деп бағалады. Сондай-ақ, кеш барысында жазушының ағасы Қ.Жақсымов, әріптес інілері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Қ.Кәрібаев, Қ.Ахетовтер ән-жырларын тарту етті. Замандас әріптестері «Жалағаш жаршысы» газеті¬нің ардагері Қ.Ерғалиева, С.Бер¬таевтар ақ тілектерін арнап, ыстық ықыластарын жеткізді.
Шығармашылық кештің соңында сөз алған Ертай Айғалиұлы шынайы жүрекжарды лебізін білдіріп, аудан халқына алғысын айтты. – Талай жерде шығармашылық жүздесулер өткізіп жүрсем де, дәл осы кештің мен үшін әсері айрықша! Туған топырағыма табаным тиіп, аудан халқының, ағайынның ақеден тілектеріне жан жүрегіммен тебіреніп тұрмын, – деп қорытындылады сөзін.
Сол күні Ертай қажы Айғалиұлы аудан әкімі Т.Дүйсебаевтың қабылдауында болып, одан әрі аудандық тарихи-өлкетану музейінде және Жаңаталап, туған жері Аққыр ауылдарының тұрғындарымен, жас оқырмандарымен кездесіп, көңіл көбесіндегі көркем ойларымен бөлісті.     
Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз