«Қайсар» ашық жаттығу өткізді

44

0

«Қайсар» ашық жаттығу өткізді«Қайсар» футбол клубы жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу
өткізді.

Көңілді кеште өткен ашық жаттығуға
жүзден астам жанкүйер жиналып, футболшыларымен кездесіп, арқа-жарқа болысты.
Алдымен сөз кезегін алған клуб директоры Нұржан Жалғасбаев
бүгінде «Қайсардың» қаржылық қарыздары жоқтығын айтып, жұмыстардың барлығы
жоспарлы түрде жүріп жатқандығын жеткізді.

-«Қайсар» қазір қаржыдан
қағажу көріп жатқан жоқ. Алдағы уақытта жанкүйерлермен де жұмыстарды
күшейтеміз. Қыркүйектің 2-сі күні ғарышкер қандасымыз Айдын Аимбетовті ғарышқа
шығарып салу үшін және қолдау көрсету мақсатында Байқоңыр қаласына жол жүреміз.
Сол сапарға жанкүйерлерді де алып кету жоспарда бар. Сондай-ақ, Қазақстан
Премьер-лигасының соңғы туры аясында өтетін «Тараз» – «Қайсар» кездесуіне бару
үшін де клуб жанкүйерлерге арнап, арнайы автобус бөлетін болады, – деді Нұржан
Жармедетұлы.

Одан кейін сөз кезегі Федор Анатольевич
Щербаченкоға беріліп, бас бапкер команданы биікке көтеру үшін қолынан келгеннің
барлығын жасайтынын айтты.

-Қазір біз «Оқжетпеспен»
болатын ойынға дайындалып жатырмыз. Көкшетаудан барынша табысты оралуға
тырысамыз. Жалпы, футболшылар қазір әр матчқа тыңғылықты дайындалуда. Аянып
қалып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, сіздерден қолдау күтеміз. Сіздердің
қолдауларыңыз командаға үлкен көмек, –
деді ағынан жарылған Федор Анатольевич.

Клуб директоры мен бас бапкердің сөзінен
кейін жүргізуші жанкүйерлер арасында конкурс өткізіп, жеңімпаздарға команда
капитаны Мартин Кляйн мен шабуылшы Елжас Алтынбеков «Қайсардың» 12-нөмірлі
жейделері мен биылғы және келесі жылғы ойындарға абонементтер ұсынды.

Сұрақ-жауап бөлімі де өте көңілді өтіп,
«Қайсар» футболшыларынан құралған арнайы комиссия ең қызықты бес сауалдың
авторына клубтық бейсболка мен биылғы және келесі жылғы матчтарға абонементтер
табыстады.

Кездесудің соңында жанкүйерлер қалаған
футболшыларынан қолтаңбалар алып, естелік суреттерге түсті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз