\»Қайсар\» \»Ақтөбенің\» ұпайын тартып алды (видео)

65

0

"Қайсар" "Ақтөбенің" ұпайын тартып алды (видео)Ақ ұлпа қардың үстінде өткен «Қайсар» – «Ақтөбе» кездесуі 2:2 есебімен аяқталды. Жылдам голдардың кесірінен 0:2 есебімен жеңіліп жатқан алаң иелері ойын соңына дейін таразы басын теңестіріп, қонақтардың ұпайларын жұлып алды.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Ақтөбе» – 2:2

Голдар: Землянухин, 10. Фурдуй, 87 – Антонов, 20. Антонов, 40.
Ескерту: Антонов, 33.
Қызыл қағаз: Мирошниченко, 45.

«Қайсар»: Прядкин, Розыбакиев, Балтаев, Яблан, Кулибали, Землянухин (Молдақараев 76), Фурдуй, Струков, Калинин (Алтынбеков 75), Остапенко, Хунт.
«Ақтөбе»: Сидельников, Арзуманян, Сантана, Логвиненко, Царикаев, Мирошниченко, Коробкин, Тағыберген, Пиззелли (Кападзе 75), Хайруллин, Антонов.
Бас төреші: Артем Кучин (Қарағанды)

Түн ауа жауа бастаған ақ ұлпа қар күні бойы толастаған жоқ. Тек, ойынның басталуына санаулы уақыт қалғанда ғана «аспанның тесігі бітеліп», стадион қызметкерлері алаңды қардан жарым-жартылай тазалап үлгерді. Әлбетте, мұндай алаңда футболшылар қандай ойын өрнегін көрсете қойсын, «ал да, теп» ұранымен өткен матчтың басында екі команда да футболдан гөрі қуаласпаққа көбірек ұқсайтын ойынды ермек етумен болды. Дегенмен, «батырға оң-солың бәрібір» деген рас екен, әріптесі Маркос Пиззеллиден әдемі пас алған Алексей Антонов ойынның 20-минутында қақпа тоғыздығын дәл көздеп, қонақтарды алға шығарды.

Араға тағы жиырма минут салып, қонақтар таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Тағы да Антонов. Бұл жолы команда капитаны Марат Хайруллин әуелете асырған пасты тиімді пайдаланған украиналық сұрмерген Кирилл Прядкинді қапы қалдырды.

Ойын өз арнасымен жылжып, қонақтар тізгінді қолдарында бекем ұстап тұрған. Кенет, «Ақтөбе» ойыншысы Дмитрий Мирошниченко қақпаға кіріп бара жатқан допты қолмен тоқтатып, бас төреші Артем Кучин Сидельников қақпасына пенальти белгіледі. Ал Дмитрий Мирошниченко өз әрекеті үшін алаңнан қуылып, нүктеге жақындаған Антон Землянухин таразы басын қысқартты. Бұл бірінші таймдағы соңғы допқа жанасу болатын.

Екінші таймда алаң иелері шабуылдарын тіптен күшейтті. Әлбетте, кем құрамда қалғандарына қарамастан «Ақтөбе» де қарап қалған жоқ. Реті туса болды, Прядкин қақпасын нысанаға алумен болды. Дегенмен, Дмитрий Огай шәкірттері бәрібір де «артық құрамды» тиімді пайдаланып, негізгі уақыттың аяқталуына екі минут қалғанда таблодағы көрсеткішті 2:2-ге жеткізді. Тура соққымен көзге түскен Валентин Фурдуй болатын.

 

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз