«Қайсар» қайсарлық танытты

87

0

Футболдан Қазақстан премьер лигасының кезекті ойыны Жамбыл облысында жалғасын тапты. Үшінші кезеңнің алғашқы ойынында жергілікті «Тараз» алматылық «Қайратты» қабылдады. Ойынның 2 таймында да «Қайрат» басымдық танытып, шабуылды жиелетті. Бірақ, қақпа кілтін таба алмаған алматылық команда алаң қожайындарына қайратын көрсете алмады. Ойын барысында «Қайраттың» бас бапкері Цxададзе Бауыржан Тұрысбекті алғашқы минуттардан-ақ алаңға шығарды. Тіпті гол да соқты. Бірақ, қапталдағы төреші аяқдоп шеберінің ойыннан тыс қалғанын аңғарып, голды есепке алмады. Бұл ойында қарсы команданың көптеген соққысын қайтара білген «Тараздың» қақпашысы Д.Бабаxановтың да ерлігін айта кеткен жөн. Қақпашылықпен қатар, қорғаушылық қызметті қоса атқарғаны ойын барысында айқын көрінді. Ал «Қайрат» бапкері бұл ойында команданың жаңа мүшесі Чума Аненені де алаңға шығарды . Қонақтар үшін есеп ашатын қанша мүмкіндік болса да есеп 0:0 күйі қала берді.
Елордаға қонаққа барған оралдықтар алаң қожайындарына есе жіберді. Алғашқы екі тур бойы чемпиондық атаққа сай өнер көрсетпеген «Астана» өз алаңында «Ақжайықты» тас-талқан етті. Ойын басталысымен «Астана» жойқын шабуылдарды ұтымды ұйымдастыра білді. Нәтижесінде, ойынның 13-ші минутында «қара құрлықтың патшасы» Джуниор Кабананга есеп ашып, командасын алға шығарды. Алаң қожайындары мұнымен шектелген жоқ. Арада екі минут өткенде допты қақпашының бойынан тамаша асырған Аздрен Ллуллаку есепті еселеді. Бұл ойында елордалық команда сапындағы Канестің орнын басқан Серікжан Мұжықов керемет ойын үлгісін көрсетті. Үшінші голдың соғылуына да осы Серікжанның үлесі тиді. Тамаша дриблинг жасап шығарған пасын Патрик Твумаси голға айналдырды. Ал, «Ақжайық» бұл үш голға Рубионың жалғыз голымен жауап қайтарды. Осылайша 3:1 есебімен алаң қожайындары жеңіске жетті.
Өз алаңында «Тобылды» қабылдаған «Оқжетпес» айтарлықтай керемет ойын үлгісін көрсеткен жоқ. Ойынның 37-ші минутында Сергей Политыло асырған допты Лукас Хорват тамаша пайдаланып, есепті ашты. Осылайша, жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне «Оқжетпес» өз алаңында қол жеткізді. Ал, «Тобылға» биылғы маусымда жауапкершілік қажет. Алғашқы турдағы 3 голдан басқа қарсыласына соққы дарыта алмады. Деспотович, Савич, Щеткин сынды шабуылшылардың гол соқпауы жанкүйерлер көңіліне қаяу салды. 
Екінші турда Атыраумен тең ойнаған «Ордабасы» бұл жолы Ақтөбеге қонаққа барды. Ойынның 7-ші минутында бағыттаған Таңат Нөсербаевтың соққысы Отарбаевқа еш мүмкіндік қалдырмады. Мұнан соң алаң иелері тынымсыз шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ ойын соңына дейін есеп еш өзгеріссіз қала берді. Егер дәлдігі мықты бір шабуыл болғанда, ойынның басқаша өрбуі де әбден мүмкін. «Ақтөбенің» жағдайы да көңіл көншітпейді. Алғашқы ойында алматылық командағы есе жіберіп, бір ойынды тең ойнады. Ослайша 1 ұпаймен 10 орыннан бой көрсетті. Команда құрамы қанша жаңарғанымен әзірге бразилиялық ойыншылардан еш пайда болмай тұр. Алғашқы екі ойында жаңа ойыншылар бір-бірін түсінісе алмады дегеннің өзінде ендігі жинақталатын уақыт жетті. 
Жаңа маусым басталғалы сәтсіз ойын көрсетіп келе жатқан команданың бірі – «Атырау». Турнир кестесінің соңына -8 ұпаймен жайғасқан атыраулық команда ұшінші кезеңде «Ертіспен» кездесті. Бұл жолы олар тек жеңіс үшін ойнады. Алғашқы минуттардан бастап, басымдықты өз қолдарына алғанымен жеңісті уысынан шығарып алды. Ойынның соңғы минутында қарымта шабуылды ұтымды пайдаланған Родриго есепті ашып, керекуліктерге жеңіс алып келді. Мақсатына жеткен Дмитров шәкірттері осы жеңістен кейін үздік үштікті түйіндеді.
Ал енді «Шахтер» мен өзіміздің «Қайсар» командасы арасындағы ойынға оралайық. «Қайсар» көш тізгінін бергісі келмейтінін тағы бір дәлелдеді. Осыған дейін өз алаңында  «Оқжетпес» пен «Таразды» тас-талқан еткен жергілікті команда бұл жолы Қарағандыға қонаққа барды. Ойын басталысымен қонақтар басымдықты өз қолдарына алып, алаң қожайындарын біраз әбігерге салды. 24 минутта команда капитаны Мақсат Байжановтың шығарған добын Аржанов кеншілер қақпасында тулатты. Мұнан кейін де «Қайсар» қайсарлық танытып жойқын шабуылдар ұйымдастыра білді. Сонымен қатар, қарсылас команда да бірнеше рет «Қайсар» қақпасына соққы бағыттады. Алайда есеп 0:1 күйі қала берді. Енді жергілікті команда 4-ші турда Алматыға қонаққа барады. Ол ойында «Қайрат» қайратын көрсете ме, әлде қызылордалық «Қайсар» қайсарлық таныта ма деген жанкүйерлерде сұрақ туындайды. Дегенмен, жаңа құраммен жаңа маусымда көш бастап келе жатқан «Қайсар» 31 наурызда да керемет ойын өрнегін көрсетеді деген ойдамыз.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз