«Қайсар» екінші орынға көтерілді

45

0

«Қайсар» екінші орынға көтерілдіҚызылорданың «Қайсары» жанкүйерлердің де, футбол мамандарының да сенімін үлкен құрметіне бөлене бастады. Жерлестеріміз әрбір ойын сайын өздерін жаңаша қырынан танытып, жоғары деңгейде шеберлігін көрсетіп отыр. Соңғы турдың қорытындысымен «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. 
Қызылордалық футболшылар өткен сенбіде өз алаңында елорданың намысын қорғап жүрген «Астана» клубын қабылдады. Қос ұжым арасындағы кездесуді көпшілік асыға күтті. Себебі, екі команда турнир кестесінде қатарлас тұр. «Астана» екінші, «Қайсар» үшінші орында келеді. Біздің жігіттер аталмыш ойында жеңіске жетсе, бір сатыға жоғарылауға мүмкіндік алатын. 
Ойын басталмас бұрын елімізге белгілі футбол ардагері Тимур Сегізбаевтың құрметіне арналған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнирдің жеңімпаздары марапатталып, ардақты азаматтың иығына шапан жабылды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін даңқты балуанымыз Дәулет Тұрлыханов «Қайсар» футбол клубына жаңа автобусты сыйға тартты. Сондай-ақ, аталмыш кездесуді тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Аллен Чайжунусов, Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман аранйы келді. 
Жергілікті футболшылар қонақтар қақпасына әу дегеннен лап қойды. Осының нәтижесінде небәрі 5 минөтте доп астаналық команда қорғаған қақпада тулап жатты. Оны «Астананың» қорғаушысы Виктор Дмитриенко өз қақпасына соғып алды. Осыдан кейін екі команда алма-кезек шабуыл өрбіткенмен, тоқсан минөт түгесілгенше сол есеп өзгерген жоқ. Есеп 1:0. Жерлестеріміз қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді. «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Біздің команда ендігі  ойынды сырт алаңда өткізіп, 28 мамырда Алматыда «Қайратпен» шеберлік байқасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз