\»Қайсар\» \»Ордабасыны\» орға жықты

46

0

"Қайсар" "Ордабасыны" орға жықтыПремьер-лиганың 24-туры аясында Шымкентте жергілікті «Ордабасымен» ойнаған Қызылорданың «Қайсары» 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде «Ордабасы» мен «Шахтерді» артқа тастап, екі саты жоғарылады, деп хабарлайды fckaysar.kz.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:1
Гол: Фурдуй, 45.
«Ордабасы»: Григоренко, Кудела (Әшірбеков 46), Мұхтаров, Бейсенов (Төлебек 60) Де Фрейре, П. Әлиев (Касьянов 64), Диакате, Сүйімбаев, Тұңғышбаев, Нұрғалиев, Тәжімбетов.
«Қайсар»: Прядкин, Дәуітов, Яблан, Кулибали, Розыбакиев, Нәрзілдаев (Күнов 29), Фурдуй, Шестаков, Землянухин (Балтаев 89), Струков, Остапенко (Хунт 57).
Командасын қолдау үшін Шымкентке екі автобус толы жанкүйер аттанған. Матч бойы тыным таппаған фанаттар командасын барынша қолдап, «Қайсар» футболшыларына керемет қолдау көрсетті. Жанкүйерлеріне дән риза футболшылар да ойын біткен соң «қайсарлық» фандар жайғасқан секторға барып, алғыстарын юілдірді.
Дегенмен, оңтүстіктің ғана емес, турнир кестесінің де дербиіне баланған кездесудің алғашқы минуттары қонақтар үшін оңай болған жоқ. Өз алаңында намысқа тырысқан шымкенттіктердің бастапқы қарқындары қатты болып, Кирилл Прядкиннің қақпасына сәт сайын қауіпті соққылар жасалып жатты. Бірақ қақпашымыз міз баққан жоқ. Өз айып алаңының қожайыны екенін әр кездесуде дәлелдеп келе жатқан Прядкин бұл жолы да өзінің нағыз шеберлігін көрсетті.
Әр минут сайын қақпамызға қауіп күшейіп келе жатты. Үзіліске дейін мәселені шешіп алғысы келді ме, «Ордабасы» тайлы-тұяғымен шабуылға көшті. Ал енді қорғанып көр?! Алайда, бұл сынақтан да сүрінбей өткен қызылордалықтар бірінші таймның соңында қарымта шабуылды керемет ұйымдастырды. Қорғаушылардан сытылып өткен Остапенко мен Фурдуй болатын. Алдымен алғашқысы соққы жасаған еді, бірақ Григоренко қайтара алды. Ал серпілген допқа бірінші жеткен Валентин Фурдуй қақпаның жақын бұрышын дәл көздеп, «Қайсар» сапындағы алғашқы голын соқты. Есеп – 1:0, қызылордалықтар үзіліске жақсы көңіл-күйде шықты.
Екінші тайм тіптен тартысты өтті. Алаң иелері таразы басын теңестіруге барынша тырысып, толығымен атойлап шабуылдауға көшті. Осындайда қорғанысын ұмыт қалдырғаны үшін алаң иелерін жазалауға да болар еді, бірақ Сергей Струков екі рет шымкенттіктерді кешірді. Алдымен қақпашымен жеке-дара шығып, Григоренконы алдап өте алмаса, екіншісінде ашық тұрған қақпаға допты енгізе алмай, биік жіберді. Ал Антон Землянухиннің соққысын Григоренко әупірімдеп болса да қайтарды. Қорытынды есеп – 1:0, көтеріңкі көңіл күйде демалысқа шыққан «Қайсар» енді келесі ойынын 14 қыркүйек күні Қызылордада Алматының «Қайратына» қарсы өткізеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз