
Бұл орайда облыс басшылығының қолдауын айрықша атап өткеніміз абзал. Жыл басында команданың біріншілікке тыңғылықты дайындалуына барлық қамқорлық жасалды. Соның нәтижесінде «Қайсарға» шеберлігі жоғары футболшылар тартылды. Оған жергілікті жастар да өз үлестерін қосты.
Соңғы екі турда бізге қонаққа келген Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Петропавлдің «Қызылжары» оңай қарсыластар қатарында саналмайды. Доп додасы барысында тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп келеді. Олар екінші орын алудан әлі де үмітін үзген жоқ. Сондықтан олар үшін әрбір кездесудің маңызы артып тұрған жайы бар.
Өз алаңында «Оқжетпеспен» өткен кездесуде ойын тағдырын бір ғана доп шешті. Оны бірінші лига командалары арасындағы үздік сұрмерген Жасұлан Молдақаарев өз еншісіне жазды. Осының нәтижесінде «Қайсар» Көкшетаудан келген команданы 1:0 есебімен тізе бүктірді. Есесіне кеше, 16 қазанда «Қызылжармен» матчта 1:2 есебімен жеңілістің ащы дәмін татты. Бұл ойында да Жасұлан қанжығасын майлап, өз еншісіндегі соққан голдар санын 27 допқа жеткізді.
Әділжан ҮМБЕТ.