\»Қайсар\» жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткізді

40

0

"Қайсар" жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткіздіҚазақстан Премьер-лигасының кезекті туры қарсаңында бүгін «Қайсар» футбол клубы жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткізіп, командаға жаңа қосылған ойыншыларға клуб жейдесін табыстады.
Командалық фотосессиямен басталып, жанкүйерлердің селфиімен аяқталған ашық жаттығуда футболшылар алдымен командалық суретке түсіп, артынша клуб директоры Руслан Балтиев пен бас бапкер Дмитрий Огай командаға жазғы трансферлік кезеңде қосылған үш ойыншы – Валентин Фурдуй, Владислав Нехтий және Сергей Остапенконы таныстырды. Валентин – қорғанысқа тірек болар шептің ойыншысы. «Қайсарға» дейін Молдованың «Шериф» командасында ойнаған. Кейінгі кездері Молдова ұлттық құрамасына шақыртылып жүр. Енді қызылордалық клубта 27-нһөмірде өнер көрсететін болады. Шабуылдың барлық шебінде де жақсы ойнай білетін Владислав Нехтий донецкілік «Шахтердің» түлегі. Бірақ «Қайсарға» Алматының «Қайратынан» ауысып келді. Қазақстан азаматы. Влад қызылордалық клубта 20-нөмірде ойнайды. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы, жанкүйерлерге жақсы таныс болғандықтан таныстыруды қажет етпейтін Сергей Остапенко 23-нөмірді таңдады.
Сондай-ақ, клуб басшылығы жақында ғана туған күнін атап өткен команданың мүшесі Олжас Алтаевты да туған күнімен құттықтап, қорғаушыға естелік сыйлық табыс етті. Бұдан кейін ашық жаттығуға жиналған жүзге жуық фанаттарға қарап сөз алған Дмитрий Огай команда үшін жанкүйерлердің қолдаулары маңызды екенін атап өтіп, «12-ші ойыншыларға» әрдайым үміт артатынын жеткізді.
Ресми бөлімнен соң футболшылар жаттығуларына кірісіп, алдымен жеңіл-желпі жүгіріп шықты. Кейін Дмитрий Огай команданы үш топқа бөліп тастап, футбол ойнатты. Футболшылардың өнерлеріне ризашылығын білдірген жанкүйерлер де жігіттердің әр голына қошеметпен жауап беріп отырды. Ал ашық жаттығу аяқталған соң жанкүйерлер қалаған футболшыларымен суретке түсіп, сұхбаттаса алды.
Жалпы, айта кетуіміз керек, уақыт санап Қызылордада жұртшылықтың футболға деген қызығушылығы артып келеді. Бұған дәлел – бүгінгі ашық жаттығуды тамашалауға келген көрермендердің көптігі болса керек. Осыған орай «Қайсар» футбол клубы команданы қолдауға келген барлық футболсүйер қауымға алғыс білдіріп, клубтың жанкүйерлер әскері бұдан да ұлғая беретініне сенім білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз