«Қайсардың» қарқыны қайда?

47

0

«Қайсардың» қарқыны қайда?Қазақстан Премьер-лигасының орта дәрежедегі мүшесі «Қайсардың» маусым басындағы қарқыны көзі қарақты жанкүйерлерге қуаныш сыйлап еді. Алғашқы 3 турда 9 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде бірінші орынға шықты. 3 жеңісті кездейсоқ санамаған эксперт мамандар да, журналистер қауымы да «қасқырларды» биылғы жүлдегерлер қатарына қосты. Жанкүйерлер үмітінің қанша дәрежеде асқақтағаны айтпаса да түсінікті.
Премьер-лиганың 4-туры аясында өткен «Қайрат –Қайсар» кездесуінде 1:1 есебі тіркеліп, ойын тең аяқталды да, жергілікті команданың жеңіссіз сериясы басталды. 5-турда  «Тобылмен» тең ойын, 6-турда сырт алаңдағы «Ордабасыдан» жеңіліс, 7-турда «Ертіспен» ұпай бөлісу, Қазақстан Кубогіндегі тағы да «Ертістен» жеңіліс, 8-турда елордалық «Астанадан» ойсырай жеңілуі, 9-турда Оралдық «Ақжайыққа» жіберген есе, 10-турда чемпионат аутсайдері «Атыраудан» ұпайсыз қайту – бір ұжымның басына жетерлік қиындық.
БАПКЕР НЕ АЙТАДЫ?
Сүреңсіз ойындар жергілікті мыңдаған жанкүйердің наразылығын туғызып, сұраныс нәтижесінде команданың бас бапкері – Стойчо Младеновпен ашық кездесу өткізілді. 10-турдан бұрын болған жиынға облыстық спорт және туризм басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, «Қайсар»командасының директоры Эдуард Глазунов қатысты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған шарада, сұрақтар команданың орталық шабуылшысы Стефан Николич турасында қойылып, бапкерден оны басқа ойыншымен ауыстырылуын сұрады. Коуч өз кезегінде: «Сіздер білесіздер ме? Бізде одан басқа орталық шабуылшы жоқ. Ал егер басшылық та бірауыздан келісіп, ойыншыға сенім артпасақ, онымен келісімшартты бұзу қиын емес. Команда ұтылғанда барлығын бір адамға арта салуға болмайды. Команда ұтылса, мен де, Садық та, Эдуард та, сіздер де, жалпы қала ұтылады. Біз ол жауапкершілікті сезінеміз. Қазір ұжымға психологиялық сенімділік жетіспей тұр. Біз барлық мәселені шешуге тырысамыз. Білесіздер, мен шешім қабылдап, Вадим Егошкинді бапкерлер алқасына қостым. Ол, өздеріңіз көріп отырғандай, Марсельден қандай қақпашы жасады? Біз өз жұмысымызды жасайтын боламыз»,- деді.
Соңғы жылдары «Қайсардың» сылбыр ойынынан әбден күйінген жанкүйерлер мұнымен тоқтаған жоқ. Негізгі сұрақтардың біршамасын белгілі журналист Эрик Теңізбаев қойғанын айта кеткен жөн. Ұзаққа созылған жиынның соңғы сөзін айтқан жанкүйер: «Мынадай шартым бар. Алдағы «Атыраумен» және «Ақтөбемен» болатын екі ойында жеңсе жеңді, болмаса орынды босатсын», – деп түйіндеді. Бас бапкер бұл шартқа келісіп, алқалы жиынға келгендер арқаларын кеңге салып қайтты.
Стойчо мырзаның дегені болмай, 10-турда «Атырауға» есе жіберді. Н.Максимовичтің пенальтиден соққан голы «Қайсарды» қапы қалдырды. Ендігі үміт «Ақтөбемен болатын матчта.
Қара құрлықтан, Еуропадан миллион төлеп алдырған ойыншылардан тек Саиди Нтибазонкизаны ғана бөліп айтуға болады. Қалғандарының орынын өзіміздің Жамбыл, Елжас, Думандар да баса алады.
Әділет МӘДЕНИЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз