«Қайсардың» футбол орталығы ашылды

50

0

«Қайсардың» футбол орталығы ашылдыМаусымның 1-і күні Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы футбол орталығының ашылу салтанатын ресми түрде өткізді. Салтанатты шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев пен Қазақстан футбол федерациясының спорт директоры Қанат Мұсатаев қатысып, жеткіншектерге ақ жол тіледі.
Өз жұмысын 2014 жылдың ақпан айында бастаған «Қайсар» футбол орталығында бүгінде 250 жеткіншек тәлім алуда. Барлығы 10 жас тобы бар. Оларды Қызылорданың көпшілікке танымал, кезінде «Қайсар» футбол клубын жасыл алаңда өрге сүйреген Талғат Сыздықов, Ерлан Шойтымов, Марат Сәрсенов сынды саңлақтар жаттықтырады. Барлығы 11 жаттықтырушы.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде «Қайсар» футбол клубының дайындық топтары ел чемпонаттарына қатысып, лайықты өнер көрсетуде. Сондай-ақ, футболшы болуды армандаған дарынды жеткіншектер арасында әлі де іріктеулер жүргізіліп жатыр. Іріктеу 1997 және 2004 жылғы балалар арасында өтуде. Яғни, футболмен айналысқысы келген кез-келген жеткіншек «Қайсар» футбол клубының дайындық тобында тәлім ала алады.
Ашылу салтанатынан кейін көрермендер жеткіншектердің жаттығуларын тамашалап, болашақ жұлдыздардың бүгінгі өнерлеріне жоғары бағаларын берді. Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен қолға алынған бұл игі жоба, яғни футбол орталығы еліміздің 12 қаласында жұмыстарын жасап келеді. Қызылорда осындай орталықты ашқан 13-ші қала. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз