Айтыс өнерінің ардагеріне ат мінгізді

33

0

Айтыс өнерінің ардагеріне ат мінгіздіМахамбетқали Тұрсанов – Сыр өңіріне кеңінен танымал адам. Сонау сексенінші жылдары айтыс өнері қайта жандана бастаған тұста сахнада жыр тасқынын селдетіп, ауыздығымен алысқан талай айтыс дүлділдерін сөзбен тосты. Арқалы да, адуын ақын халықтың тіршілігі мен ұлтымыздың ұлағатты өмірін жырға қосты. Міне, сол атақты ақын сексен жастың сеңгіріне көтеріліп, өзінің ақсақалдық арда жолын жалғастырып келеді. 
Ақынның тұратын ауылы Шиелі ауданының Бәйгеқұмда айтыскер ақынның, сексен жасқа толу құрметіне орай үлгілі шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев арнайы қатысып, айтыс дүлділіне ыстық лебізін білдіріп, иығына шапан жапты. «Сізді жамағатыңыз айтыс өнерінде өшпес із қалдырған жан ретінде таниды», деп өзінің жүрек жарды лебізін де арнады. 
Кездесу кешін «Нартай» өнер мектебінің директоры Құрманбек Бекпейісов атаулы кешті жүргізіп, кейіпкермен жүрген кезеңдерді, әдемі естеліктерді қалың көрерменмен бөлісіп отырды.  Өз кезегінде ақынның ізінен ерген шәкірттері Кенжебай Жүсіп, Рахматулла Жолтаев, Талғат Күзембаев, Ержан Әміровтер арнау өлеңдерімен аға, ұстаздарына тілектерін жеткізді. Мерейтой одан әрі айтыскер ақынның алғашқы еңбек жолын бастаған Шиелі аграрлы-индустриялды колледжінің ұстаздары мен шәкірттерінің құттықтауларымен жалғасты.  Колледж студенттері ақынның бірнеше өлеңдерін оқып, әр кезеңдердегі айтыстарынан үзінді келтірді.  
«Нартай» өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері Сыр сүлейлерінің жалғасы болған Махаңның толғау-термелерін орындаса, ақсақалдың жерлестері құрметтеп, ат мінгізді. 
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ, 
Шиелі ауданы, 
Бәйгеқұм ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз