Қайырымдылық акциясы

35

0

Қайырымдылық акциясыКеше облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты қайырымдылық акциясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Шара «Тәуелсіздік шапағаты» қайырымдылық айлығы және «Ұлы дала елі – тәуелсіздіктің негізі» атты 25 жұлдызды күн аясында ұйымдастырылды. Орталық тұрғындарын тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Досмайылұлы:
– Тәуелсіздік – барша қазақстандық үшін ең қасиетті құндылық, бүкіл отандасымыздың жүрегінен орын алған қастерлі ұғым. Тәуелсіздік – еліміздің дамуының, бүгінге дейінгі жеткен жетістіктеріміздің негізі. Сіздерді осынау айтулы мерекемен құттықтаймын, – деді.
Орталық тұрғындарына Қуанышбек Досмайылұлының мерекелік сый-сияпаты табысталды. Тағдыр теперішін көрген жандарға мемлекет қамқорлық көрсетуден ешқашан аянып қалған емес. Одан бөлек, кең пейіл, жомарт жүректі жандар да жақсы істің басынан табылуға әзір. Бұл жолғы қайырымдылық акциясында да игі дәстүр үзілген жоқ. Демеушілер – «ҚазГерМұнай» ЖШС БК бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Айтбай Көшербаев, «Қыз Жібек» мейрамханасының директоры Ерлан Раимов орталық тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен №6 қалалық кітапхана ұжымы жиналған жұртты өздері ала келген көрме жұмысымен таныстырды. Орталықтың қызмет алушысы, тыл ардагері Дастанбек Елемесов көпшілікке бата берді.
Игі шара соңында орталық тұрғындары дастарқаннан дәм татып, «Глава государства» деректі фильмін тамашалады.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз