Қаз бен үйректі өндірістік бағытта қатар өсіруде

78

0

Қаз бен үйректі өндірістік бағытта қатар өсірудеОсы шілдеде құрылған «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі облыста бірінші болып қаз бен үйректі өндірістік бағытта өсіруді қолға алды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, Алматы облысынан 10 мың дана жұмыртқа әкелініп, бүгінде 7 мың бас қаз бен үйректің балапандары өсірілуде. Кооператив осылайша қала халқын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ үй жағдайында құс өсіруге қызығушылық танытқан тұрғындарға қаз бен үйрек балапандарын сатуды көздеп отыр. 
«Жан-Арай» ШҚ-ның кепіл болуымен құрылған кооперативке 1 шаруа қожалығы, 8 жеке кәсіпкер кірді. Шаруа қожалығы инкубатордан балапан шығару және жеке кәсіпкерлерді түрлі қоспалармен (витаминдермен) байытылған құнарлы жеммен қамтамасыз етеді, ал 7 жеке кәсіпкер құс бағумен айналысса, 1 жеке кәсіпкер құсты сойып қаптамаға (пакетке) салып қала тұрғындарына құс өнімдерін ұсынады. 
Сонымен қатар құс өсіруге және бағуға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нан «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі кепіл болып 90 млн теңге қаржы алуға қол жеткізіп, әр кооператив мүшесіне 10 млн теңгеден несие берілді. 
Осы қаржыға кооперативке керекті жабдықтар алу және кооперативтің ғимараты салынуда. Қазіргі таңда құстар салмақ қосып, союға дайын орташа бір қаздың тірілей салмағы 7-8 кг, ал үйректің тірі салмағы 4-5 келіге жеткен. Алдағы қараша айының ортасынан бастап 3 мың бас қаз бен үйректі етке сойып, 15 тонна сапалы құс етін қала тұрғындарына ұсыну жоспарланған.
Сонымен қатар, 2017 жылы балапан шығаратын жұмыртқаларды сырттан сатып алмай кооператив арқылы дайындау мақсатында құстардың аналығын бөлек бағып, қысқа дайындық жасалуда.
Қазіргі таңда облыс бойынша 104 ауыл шаруашылығы кооперациясы құрылған. 
 
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз