Қазақ тілінде екі заң дайындалған

39

0

Халық қалаулылары Қызылордада. Кеше ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Сыр еліне келіп, көпшілікпен кездесу өткізді. Елбасының кезекті Жолдауына орай өз ойларын ортаға салған олар елдегі жүргізіліп жатқан реформалар туралы тарқатып айтты.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жүргізіп, өз сөзінде соңғы күндердегі елеулі оқиғаларды тілге тиек етті. Мәртебелі меймандар қатарынан сенатор Мұрат Бақтиярұлы Елбасының бастамасымен қолға алынып жатқан саяси реформалардың маңыздылығына тоқталды. Конституцияға өзгерістер енген жағдайда ел Парламентінің пәрмені күшейетіндігін айтты. Сондай-ақ, биылғы Жолдау өзгеше форматта ұсынылғанын, ондағы бес басымдықтың 3-еуі экономикамен байланысты екендігіне баса назар аударды. «Бұл біздің еліміздің экономиканы алға шығарып, саясатты сонан кейінгі кезекке қоятындығын аңғартады», – деді сенатор. Сонымен бірге, сенатор Жолдаудағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тақырыбын, агроөнеркәсіптегі субсидиялауды әңгімеледі. Үш тұғырлы тіл саясатына келгендегі кемшіліктер Жолдау аясында түзелетіндігіне сенім білдірді. Сенатор тілге қатысты мынадай дерек келтірді. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қабылданған заңдардың екеуі ғана қазақ тілінде дайындалған. Бұл дегеніңіз мемлекеттік тілді дамытуға келгенде әлі де қауқарсыздық танытып отырғандығымызды көрсетеді. Мұрат Бақтиярұлы сөзінің соңында ел Парламентінің халық үшін аянбай қызмет ете беретіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде Парламент депутаттары Майра Айсина, Мансұрхан Махамбетов, Асылбек Смағұл, Наталья Жұмаділдаева, Абзал Ералиевтер сөз сөйлеп, тұщымды ойларымен бөлісті.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз