Қазалыда 472 түлек ҰБТ-ға қатысады

47

0

Қазалыда 472 түлек ҰБТ-ға қатысадыБиылғы жылы Қазалы ауданында 11-сынып бітіретін 755 оқушының 472-і Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге қатыспақ. Оның ішінде 24 үміткер «Алтын белгіге», 2 үміткер «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің мәжілісінде аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Қалнияз баяндады.

– Жалпы, ауданда Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді өз деңгейінде өткізуді ұйымдастыру үшін тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тест өтетін 14 аудитория ауа желдеткіш, өрт қауіпсіздігі құралдарымен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, дәрігерлермен жабдықталған жедел-жәрдем көліктері жұмыс істейтін болады. Ал бақылауды күшейту мақсатында ұялы телефон тұншықтырғыш пен бейнекамералар орнатылмақ. Биылғы жылы ҰБТ-ға қатысатын оқушыларды тасымалдауға, тамақтандыруға және жатын орнына аудандық бюджеттен 2,0 млн. теңге бөлініп отыр, – деді Е.Қалниязов.
Қыркүйек айында оқушылардың орташа балы 55,6 болса, сәуір айында 79,6 балды көрсеткен. Жиын барысында аудан әкімі бұл жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды.
Айта кету керек, өткен жылы, 11 сынып бітірген 891 оқушының 605-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 10 оқушы «Алтын белгі», 4 оқушы «Үздік аттестат» белгілерін қорғап шыққан болатын. Және Қызылорда қаласы және аудандардың ішінде Қазалы ауданы 2-ші орынға ие болған еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз