Қазалыда «Бірлік-Единство» этно-мәдени бірлестігі ашылды

65

0

Қазалыда «Бірлік-Единство» этно-мәдени бірлестігі ашылдыМемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған сәйкес, бүгін «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы ғимаратынан «БІРЛІК-ЕДИНСТВО» этно-мәдени қоғамдық келісім бірлестігі ашылды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бірлестіктің мақсаты – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық бірлікті сақтау, мәдениетті қолдау. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз», «Біз көп ұлтты қоғамбыз» деген қағиданы ұстанған бірлестік мүшелері бұдан былай халықаралық бағдарламалар және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жобалар аясында жұмыс жасайтын болады. Жұма Нафиса Тайырқызы жетекшілік ететін бірлестік құрамында 10-ға жуық түрлі ұлт өкілі бар.

Бірлестіктің ашылуына аудан әкімі Бахыт Жаханов ауданда алғаш рет құрылған этно-мәдени бірлестіктің барлық ұлт өкілдерінің басын қосатын құтты орын болатынына сенетінін жеткізді.

Бұдан соң аудан әкімі Қазалы қалалық мәдениет үйіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуына қатысты. Еліміз осы күнге дейін қандай шыңдарға шықса, қандай биіктерді бағындырса – бұның бәрі бірліктің арқасы екені даусыз. Ауданда да бірнеше ұлт өкілдері, атап айтсақ, 290 орыс, 28 кәріс, 23 неміс, 62 татар, 90 өзбек, 21 украин, 8 қырғыз, 2 молдаван, 3 башқұрт, 3 түрікмен, 3 грек және басқа да беларус, поляк өкілдері бір шаңырақ астында ынтымағы жарасқан күйде тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Шара барысында түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық өнерлері насихатталып, ұлттық тағамдарының көрмесі мен кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орайластырылған мұндай ауқымды іс-шаралар жыл бойы жалғасын табады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз