Қазалылық шаруаларға жаңа техникалар табысталды

66

0

Қазалылық шаруаларға жаңа техникалар табысталдыБиылғы жылы Қазалыда бау-бақша өнімдерін егуді  жандандыру басты назарға алынған  болатын. Әрі игі бастама нәтижесіз де емес. Қазіргі таңда қала, кент, ауылдық округтерде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылып, оларға жерді қоршау, өңдеу, аяқ су жеткізу тәрізді маңызды шараларға  қолдау  көрсетілуде. Бұл бағытта өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілуде.
 Ауылшаруашылығы саласы өндірістік кооперативі кәсіпкерлерден бау-бақша өнімдерін тиімді бағада сатып алып, Ресей Федерациясы мен Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарына экспорттайтын болады.  Ағымдағы жылы  аудан бойынша бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіруді  620 гектарға ұлғайтып, 12-15 мың тонна бақша өнімдерін өндіру жоспарланып отыр. Бау-бақша өнімдерін егіп, өсіру жұмыстары уақытында 500 адам жұмыспен қамтылмақ.Оған қоса  бақшалық жерлерді қоршау үшін қажетті материалдар сатып алуға бюджеттен 18,0 млн теңге қаржы бөлінді. Ал қомақты қаржыға алынған  МТЗ үлгісіндегі алты бірдей су жаңа трактор,  тіркемелер,  соқалар және  дән сепкіш техникалары жұршылықтың мерейін тасытты. 
Кенттегі «Тәуелсіздік» аллеясына  жиналған адам қарасы мол болды. Аудан әкімі  Нажмадин Шамұратов Алға, Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруаларына техникалардың кілтін табыстап еңбектеріне сәттілік тілесе, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Есенгелді Мәли  бүгінгідей қолдаулардың арқасында еңбеккерлердің мол өнім алатынына сенімді екендігін жеткізді. Осылайша Қазалыда Елбасы Жолдауында айтылған «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс»деген тапсырманы орындауға құлшыныс зор. 
ҚАЗАЛЫҒА ИРАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР КЕЛДІ
 Иран Ислам Республикасының кәсіпкерлер мүшелері Қазалы ауданында жұмыс сапарымен болды. Делегация құрамында «Incheh Broon Farogir Cooperative, Inc» компаниясының Бас директоры және Директорлар кеңесі Төрағасының орынбасары Садеги Али Насер, ет комбинатының құрал-жабдықтарын жасау зауытының инженері Насербахт Багер Жамшид бар. 
Сапар барысында ирандық кәсіпкерлер «Сыр маржаны» ЖШС-нің  3000 басқа арналған мал бордақылау алаңында болып, келешек ет комбинатының орнын белгілеп, серіктестіктің күріш зауыты мен №1 егістік бригадасындағы күріш себу жұмыстарымен танысты. Кездесуде ирандық делегация Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданымен сауда-экономикалық байланыстарының одан әрі нығаюына ниетті екендіктерін жеткізді. Сондай – ақ  ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірген меймандар «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеевпен келісімшартқа отырды. 
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз