Қазақстан халқы Ассамблеясының ауданда бірлестігі құрылды

102

0

Қазақстан халқы Ассамблеясының ауданда бірлестігі құрылдыӘлем үлгі тұтқан айтулы институттың ізімен Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында тағы бір бірлестік құрылды, деп хабарлады аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Аудандағы 17 ұлттың 600-ге тарта өкілі «Сығанақ» этномәдени орталығына топтасып, ұрпаққа өнеге болар ұлағатты шараларға ұйытқы болуды көздейді.

ХХ ғасырдың орта шені. Тоталитарлық жүйе талай тағдырды талқандады. Сұрапыл жылдары қазақ жеріне жер аударылғандар қатарында Аслановтар әулеті де бар. Олардың түп-тамыры – Кавказ түріктері. Сәлвар – осы шаңырақтың кенжесі. Аудан орталығынан шаштараз ашып, шағын кәсіпті дөңгелетіп отыр. «Сыр бойына бас сауғалап келген ата-бабамды қамқорлыққа алған дархан қазақ мен үшін қашанда ыстық, қашанда қымбат», – дейді ол.

«Қазақстанның азаматтары халық болып көмектесіп, үйлеріне алып, бәрі бір нанды бөлісіп жеген кездері болған. Біршама қиыншылықты өткердік, бірақ қазақ халқының көмегі зор болды. Қазір жағдайымыз жақсы», – дейді Сәлвар Асланов.

Аслановтар отбасындай сан тарау өмір жолы бір мекенде тоғысқан Жаңақорған жерінде 17 ұлт өкілі бар. Көбі түрлі салада тер төгіп, ел дамуы жолында еңбек етіп жүр. Ең бастысы, олар бірлік пен бейбіт күндердің қадірін терең ұғынған. Сондықтан да ынтымақтың ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының шағын моделіндей бірлестік құрып, мерейлі жылы мерекелік шаралар өткізуге дайындықты бастады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің бірлігіміз бен достығымызды арттырды. Бейбітшіліктің қадірін ұғына білгеннің арқасында ел экономикасы нығайды, алауыздықтан аманбыз. Осынау жетістіктер Қазақстанды биік белестерге көтеріп, әлемге танытты», – деді Ольга Шин.

Байлық байлық емес, бірлік – байлық. Бұл – «Сығанақ» этномәдени орталығының берік ұстанымы. Бірлестік бейбіт күндердің әр сәтін бағалап, мәнді өткеруге шама-шарқынша үлес қоспақ ниетті. Басты мақсат – ұлылар ұлағатын ұрпаққа аманат ету.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз