БАҒДАРЛАМА БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА ЖӘРДЕМДЕСЕДІ

30

0

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев тұрғындарға Елбасы Жолдауы шеңберінде халыққа ұсынылатын баспаналар жайында ақпарат берді. Қабылдауда болған аймақ тұрғындарының көбісі тарихи құжатта көрсетілген «Нұрлы жер» бағдарламасы төңірегінде өз сауалдарын жолдады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында елімізде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асатынын атап өтті. Бағдарлама негізінде алдағы 15 жылда 1,5 млн отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеттелген. Мұнда тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салу жұмыстары жалғаса береді. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған мемлекеттік сала қызметкерлері жолдама алып келген жағдайда айлық табысын растау қажет. Сонымен қатар, депозиттік шотын толықтырып сатып алумен жалға берілетін тұрғын үйлерге қоныстанады. Бұл жұмыстар баспана алудың негізгі шарты болып саналады. Салымшылар үшін тұрғын үй бағасының 30 пайызын жинақтау немесе бірден салу арқылы, ал қалған соманы 5 пайыздық несиемен бөліп төлеуге жеңілдіктер жасалған. Оларға қойылатын басты талаптардың бірі соңғы 5 жылда атында тіркелген баспана болмауы тиіс. Ал, Астана мен Алматы қалаларынан тұрғын үй алуға ниет білдірсеңіз, аталған аймақтарда 2 жыл тұрақты тіркеуде болуыңыз міндетті.
«Жас отбасы» бағдарламасы аясында үй алуға үміткерлердің атында да  соңғы 5 жылда баспана болмауы тиіс. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында отау құрғандарына 2 жыл толған және жастары 29-ға толмаған жас отбасылар ғана тұрғын үй инспекциясынан жолдама алу арқылы баспанаға қол жеткізе алады.
Бағдарламаның концепциясында көрсетілгендей, әлеуметтік әлсіз топтардың арендалық тұрғын үйлерге қоныcтануына мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, олар тек коммуналдық қызмет үшін ғана төлемақы төлейді. Аталған бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы орган арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарламада жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға да барынша жағдай жасалған. Әділжан Сәулебаевтың айтуынша, облыс тұрғындары көбіне жеке тұрғын үй салуға ынталы. Өткен жылы «Бәйтерек» шағын ауданында жер кезегінде тұрған 6600 адамға жеке жер учаскесі берілген болатын. Биыл бұл жұмыстар бағдарлама негізінде жалғасын тауып, 1000-нан астам азаматқа тағы да жер телімі беріледі. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жеке тұрғын үй салуды тек өз кезегімен жер учаскесін алған адамдар ғана жүзеге асырады. Алдағы уақытта өңірде бір типті жеке тұрғын үйлер салынған шағын аудан бой көтереді.  
Былтыр аймағымызда 80 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланса, биыл бағдарлама негізінде «Жаппасбай батыр» шағын ауданында 14 үй салынады. Сонымен қатар, «Арай» шағын ауданында да арендалық үйлер бой көтереді.        

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.                

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз