БАҒДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІН КӨЗДЕЙТІН ЖОЛДАУ

47

0

БАҒДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІН КӨЗДЕЙТІН ЖОЛДАУШирек ғасыр ішінде Қазақ елін әлемге танытқан Елбасының сарабдал саясаты қазір дүниежүзін мойындатып отыр. Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қорытындылап, екінші ширек ғасырға саяси жүйені одан әрі демократияландырып, өркениетті елдер қатарында сенімді түрде аяқ басқаны айқын көрінеді.
Мемлекет басшысы биылғы жолдауда Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығын айқындап берді – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы; дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру; еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық; адами капитал сапасын жақсарту; институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл басымдықтар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай ілгерілеуді қамтамасыз етеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік» деген болатын.
Қазіргі кездегі дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік цифрлық технологияның жемісін көріп отыр. Ұялы телефоннан бастап, күнделікті қолданыстағы тұрмыстық заттарымыз, жүргізіп жүрген автокөлігіміздің өзі цифрлық басқаруға тәуелді. Бір ғана күнделікті өміріміздің бөлінбес бөлшегі болған ұялы телефон, байланыс құралы ғана емес, бүкіл өмірінді басқарып отырған пульт секілді. Бұл бір ғана мысал, осындай жаңа тенологияны игеруге жас буынымыз даяр болу керек.
Иммунитеті мықтыларға пәлендей ауру, жамандық жұға қоймайды. Себебі, оның ішкі тұрақтылығымен, сырттан келетін қауіпке қарсылығы мықты. Сол сияқты, еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтап, билік тармақтарының өкілеттіліктерін арттыра отырып, олардың арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру арқылы қазіргі заманғы сын-қатерлерге барлық мемлекеттік органдар мен азаматтардың мүдделіліктері артады деп сенемін.
Мақсаты айқын, бағдары ел игілігін көздейтін Жолдауға қолдау көрсетіп, іске асыруға атсалысу – әрбір Қазақстан азаматтың міндеті.
Есенжол НАЗАРОВ,
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы
төрағасының бірінші орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз