Бала мерекесі – ел берекесі

159

0

Бала мерекесі – ел берекесі1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев отбасы үлгісіндегі «Атамекен” ауылына ат басын бұрып, балаларды шуақты мерекемен құттықтады. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде егемен Қазақстанның алғашқы қадамының бірі балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етумен байланысты екенін айта келе, олардың жасампаздық әлемінде өмір сүруіне барлық жағдай жасау қажеттігін  атап өтті.
– 1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Баланың құқықтары туралы” Конвенциясын ратификациялады. Бұл Конвенция – өскелең ұрпақтың құқығын қорғау саласындағы негізгі құжат. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде мемлекетіміз адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжатты ратификацияласа, оның 15-тен астамы балалар құқығын мақсатты түрде қорғайды. Сонымен қатар біздің елде балалардың бақытты балалық шағы, жақсы білім алуы, денсаулығының мықты болуы, үлкендердің ықыласы мен қамқорлығына бөленуі үшін жағдай жасалуда. Аймақтан отбасылық үлгідегі балалар ауылының ашылуы соның бір дәлелі. Мұндағы мақсат – балалардың қоғамға, өмірге бейімделуіне жағдай жасау еді. Отбасылық үлгідегі ауыл осы міндетін жақсы атқарып жатыр деуге толық негіз бар. Жас ұрпақ – ертеңгі ел үміті. Сондықтан, сіздер сапалы білім алып, ел дамуына белсене араласып, тәуелсіз Қазақстанның одан әрі гүлденуіне өз үлестеріңізді қосуларыңыз қажет. Ал біз сіздерге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!, – деді Г.Әбдіқалықова.
Ары қарай шара флешмобпен жалғасып, қонақтар шағын ауылдың «Үшқоңыр”, «Сарыарқа”, «Байқоңыр”, «Оқжетпес”, «Ақжайық” аталатын үйлерін аралады. Тәрбиеленушілердің күнделікті тұрмыс тіршілігімен танысып, кішкене өнерпаздардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Өнерлі өрендердің өнеріне тәнті болды. Сондай-ақ, бұл күні демеушілер, өңірдегі бір топ мұнай компаниялары келді. Мерекеге орай сыйлықтарын табыстап, балалардың қуанышына ортақтасты. Дегенмен, балалардың көңілін көтерген сыйлық емес, көпшіліктің жылы қарым-қатынасы болды. Себебі, үйіне қонақ кіріп келсе мәз-мейрам болып, жадырап сала беретін қазақтың дархан көңілінің бір сынығы бұл балақайларда да бар. Олар – өте жігерлі, талапты. Тек алға талпынып, мүмкіндігін көрсеткісі келеді. Жеткен жетістігімен бөлісіп, іштей халқының тілеутілес болғанын қалайды.

Мөлдір СНАДИН,
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.Бала мерекесі – ел берекесі
Бала мерекесі – ел берекесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз