Балаларды қорғау күнінде қандай шаралар болады?

46

0

Балаларды қорғау күнінде қандай шаралар болады?Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде Қызылорда қаласында 5 аула клубы ашылып, балалар қоғамдық көліктің, қалалық парктегі атракциондары қызметін тегін пайдаланады.
Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, бұл шаралар 29 мамырдан бастап қалаға қарасты барлық кент, ауылдық округтерде қолға алынған. Бүгін, 30 мамырда қаланың 5 аумағынан аула клубтары ашылды. Қала әкімінің балалардың жаз мезгіліндегі уақытын тиімді ұйымдастыру туралы тапсырмасына сәйкес қалада «Қалада аула клубтарының қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 3 млн 410 мың теңге қаржы бөлінді. 
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қаланың шет аумақтарында: Титов қыстағынан «Шаттық», Тасбөгет кентінен «Жұлдыз», «Ақмешіт» мөлтек ауданынан «Самғау», №253 орта мектептен «Жігер» және «Азамат» ПИК-нен «Достық» аула клубтары ашылды. Алдағы уақытта Белкөл кентінен аула клубын ашу жоспарлануда. Аула клубтарында балалар мен жастарға түрлі үйірмелер мен спорттық секциялардың қызметтері ұйымдастырылады. Аталмыш аула клуб мүшелерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты және ұлттық өнерді дамыту мақсатында спорттық бағытта түрлі жарыстар, сурет көрмелері, қолөнер шеберлері көрмелері, би байқаулары өткізіледі. 1 маусым күні қызылордалық балғындар қоғамдық көліктерде тегін жүріп, қалалық мәдени-демалыс паркіндегі аттракциондардың қызметін тегін пайдаланатын болады. 
Сондай-ақ, қаладағы «Жібек жолы» сауда орталығында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балаларына «Ботақан» ойын-сауық орталығы, кинотеатр (1 сеансы) тегін қызмет көрсететін болады. 1 маусым күні демалыс паркі жұмысын бастап, Н. Бекежанов атындағы драма театрда халықаралық, республикалық, облыстық балалар шығармашылығында конкурстардың жеңімпазы атанған балалардың шығармашылық концерті өткізіледі. Осы күні 150 бала «Сырдария» тынығу лагеріне демалуға жіберілсе, қала мектептерінде мектеп жанындағы күндізгі лагерлер жұмысын бастап, 5000-ға жуық оқушы қамтылады. Жаз мезгілінде 10 сыныпты бітіретін 2145 оқушы 10 күндік еңбек бригадаларына тартылып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы № 177 спорт алаңдарына және мектептердегі баскетбол, волейбол, футбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелеріне 7500-ге жуық оқушы қамтылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз