«БАЛДЫРҒАНДАҒЫ» ЖЫЛЫЖАЙ

39

0

«БАЛДЫРҒАНДАҒЫ» ЖЫЛЫЖАЙШиелі ауданының Ыбырай Жақаев
ауылындағы «Бал­дырған» балалар бақшасы өз ауласындағы жылыжай арқылы сәбилерді
көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ете бастады.

БҰҰ Даму бағдарламасы аясында
жүзеге асырылған жаңа технологияларды енгізу гранттық жобасы бойынша аталған
балабақшаға жылыжай берілген болатын. Бұл тек балабақша ғана емес,
бүлдіршіндерін осында әкелетін ауыл тұрғындары үшін көрсетілген сый болды десек
те болады. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды енгізу арқылы
жалпы көлемі 22 де 7,5 метр
болатын шағын жылыжайды салуға 2 миллион 213 мың теңге қаржы жұмсалып, қолданысқа биыл
енгізілді. Ол өз жұмысын жасауда.

– Бұл еліміздің болашағы –
жеткіншектерімізге деген қамқорлық аясы жылдан жылға арта түскендігінің
белгісі. Жылыжайда қияр, қызанақ, сәбіз,
пияз егіп, дәруменге бай көкөністерді өз асханамызда пайдаланып жатырмыз.
Балабақшамыздағы 6 топта 115 бала тәрбиеленеді. Бар білімімізбен
тәлім-тәрбиемізді сәбилердің жақсы азамат болып өсуіне аямаймыз, – дейді
«Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Ләззат Парманқұлова.

Аталған жылыжайда Ахмет
Абдуалиев, Мұрат Дарханбеков, Мырзағали
Есмұхамед, Бердәлі Майкотов секілді ауыл азаматтары қызмет жасауда. Ал,
жылыжайдың топырағын өңдеу, көкөністерді бабын тауып өсіру сияқты жұмыстарына
бағбан, аудандық мәсли­хат депутаты Пердәлі Архабаев өзінің мол тәжірибесімен
бөліссе, ауыл әкімі Сламхан Монтаев пен ауыл тұрғындары жұмыла қолқабыс
көрсетуде.

Елбасы бастамасымен қолға
алынған «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы уақыттардың өзінде елімізде төрт
мыңға тарта жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды. Ендігі мәселе
жергілікті орындарда осы бағдарламаның мәні мен маңызына жауапкершілікпен
қарап, осылайша тиімді еңбек ету.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз