«Барыс»-пикап»: Жаңақорғанда жасалған

71

0

«Барыс»-пикап»: Жаңақорғанда жасалғанЖаңақорғандық азамат жаңа көлік жасап шығарды. Өнертапқыш өзі құрастырған көлікке «Барыс-пикап” деген ат қойыпты. Ол бір жағынан жеңіл автокөлікке ұқсайды. Алайда, дөңгелегі баяғы жүк таситын ГАЗ-66-нікі секілді, – деп жазады «Жаңақорған тынысы» газеті.
Жаңа автокөлікті құрастырып шығарған – Жаңақорған ауданы Қыркеңсе (бұрынғы Задарья) кеңшарында прораб болған Исраилдың ұлы Баянбай деген азамат. Баянбай ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Ол жарамсыз деп тасталған машина бөлшектерін бір жарым жылға жуық уақыт жинап, қолдан құрапты. Жоқ жерлерін қолдан жасап, дәнекерлеп, қосымша бөлшектер орнататын жерлерді тесіп-кесіп орнатыпты.«Автокөлік құрау бала кезімнен арманым болатын. Алғаш ойыншық құрастыруды балабақшада жүріп бастадым. Ол кезде қазіргідей ойыншық көп емес кез. Кейін мектепке барғаннан кейін орта сыныптарда қолдан моторлы қайық жасап, жас конструкторлар байқауына қатысып, жүлдегер атандым. Мектеп бітіргенше жас өнертапқыштардың байқауына 7-8 рет (облыстық, республикалық) қатысып, жеңімпаз атанған кездерім де болды. 11 сынып оқып жүргенімде алғашқы мотоциклімді құрап, оны ауыл ішінде біраз уақыт айдадым», – дейді Баянбай.
Баянбай қауіпсіздік саласы бойынша зейнетке шыққаннан кейін бала күнгі армандарын жүзеге асыруға кіріседі. 2013 жылы Астанаға жақын маңдағы бір әскери бөлімде мерзімі бітіп, жойылуға жіберу алдында қарапайым азаматтарға сатуға қойылған автокөліктер ішінен моторы жоқ бір ГАЗ-66 жүк машинасын сатып алады. Автокөлікті өзге көліктерден өзгеше етіп жасамас бұрын суретшілермен, дизайнерлермен ақылдасып, машина жасау зауыттарында арнайы болып инженер-конструкторлармен кеңеседі. Ондағы мақсат – жол талғамайтын, жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан кем болмайтын, қажеттілігіне қарай 7-8 жолаушыны және 1-1,5 тоннаға дейін жүк алып жүре алатын әмбебап (универсальный) жеңіл автокөлік жасау болды. Арнайы мамандармен ақылдаса келе көлік құрастыруға 2014 жылы кіріседі. Ішіне бірнеше адам еркін сию үшін дәл осындай екінші кабина сатып алады. ГАЗ-53 автокөлігінің моторын коробкасымен ГАЗ-66 машинасының қаңқасына орнатады. Екі кабинаны біріктіріп жолаушылар салон жасайды. Артқы салонға үйіндегі екі адамдық диванды қояды.«Мұны істеудегі мақсатым, ұзақ жолға шыққанда жолшыбай кез келген жерде тоқтап жатын-жай іздемей-ақ, артқы салонды жазып жіберіп, демала бересің», – дейді ол.
Ол автокөлікті құрастыруда өзге жандардың көмегіне сүйенбей, бәрін асықпай түгел өзімнің қолымен шығарыпты. Кабинаның төбесінен арнайы люк жасайды. Бұл бір жағы ішке ауа ұруға, екінші жағынан аңға шыққанда кабинадан түспей-ақ аң атуға мүмкіндік береді. Кабинаның артқы жағына арнайы сиымдылығы 1-1,5 тонна болатын жүк салғыш жасайды. Нәтижесінде сыйымдылығы 7 адамдық пикап болып шығады. Бір қызығы, автокөлікте мемлекеттік нөмірі де бар екен. Сан рет сынақтан өткен. Көлікке барлық «параметрлер бойынша техникалық жағынан жарамды» деп қорытынды шығарылған. «Жай қара жолда сағатына 60-70 шақырымды, ал, асфальтта 100-110 шақырымды алады. Жанар-жағармайды да джиптерден көп пайдаланбайды. 100 шақырымға 22-25 литр ғана. Ең бастысы жол талғамайды. 2016 жылдың жазда автокөлікке авторлық куәлік пен сертификат алдым. Ал, осыдан бірнеше күн бұрын мемлекеттік нөмірге ие болдым. Содан кейін көлікке «Барыс»-пикап» деген атау қойдым, – дейді өнертапқыш.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз