Басты назарда – елдің ұсыныс-пікірі

36

0

Басты назарда – елдің ұсыныс-пікіріХалық алдындағы есеп беру кездесулерін өзге өңірлерден ертерек бастаған Шиелі ауданында  апта көлемінде 22 ауылдық округ пен аудан орталығы – Шиелі кентінде атқарушы билік орындарының есептері тыңдалды. Ал аптаның дүйсенбісінде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев бастаған  ауыл әкімдері Жаңатұрмыс, Иіркөл, Бидайкөл, Қарғалы ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті. Жиынға облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қ.Тоғызбаев қатысты. 
Ауыл әкімі Мейрамхан Қазыбайдың хабарламасында  шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылғаны айтылып, мемлекеттік бағдарламалар аясында 2016 жылы «Жеңсікбай», «Әлия», «Әулет» шаруа қожалықтары мемлекет қолдауымен өз салалары бойынша кәсібін кеңейткенін жеткізді. Ауыл тұрғыны Жантөре Бердібаев: «Ауылдық емханада кезекте тұрған кісі қарасы да көп. Бір дәрі егетін мейірбике жетіспейді. Осы мәселені шешуге жәрдем берсеңіздер», – деп ауыл тұрғындарының өтінішін жеткізді. Ал Иіркөл ауылдық округінде былтырғы жылғы ауыл көшелерінің барлығы асфальтталып, жаяу жүргінші жолдары салынып, ауылда 2 аялдама пайдалануға берілді. Округке қарасты Жансейіт елді мекенінде 4 көше «Жиделі» топтық су құбырына қосылып, жөндеуден өтті. Былтырғы жылы республика көлемінде тойланған даңғайыр диқанның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ауылда жаңадан мұражай ашылды. Бұл туралы ауыл әкімі Сламхан Монтаевтың баяндамасында қамтылды.  Ауыл тұрғындары да атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. 
Бидайкөл, Қарғалы ауылдарындағы есепті кездесулер де жоғары деңгейде мәресіне жетті. Ал аудан орталығы – Шиелі кентіндегі халықпен кездесу сәрсенбі күні «Арман» мәдениет үйі мен аудандық мәдениет үйінде өтті. Жергілікті полиция басшысының орынбасары Дәурен Өмірбеков, кент әкімі Ғалым Аманжолов өз есептерін берсе, мұнда да өз сауалдары мен ұсыныстарын айтушы тұрғындарға да кезек келді. Ардагер Әбдішүкір Батырбаев, Қалипа Сүлейменова, Венера Кияева және басқалар өз сауалдарына жауаптар алды.  
Аудан әкімі алда тұрған міндеттер қатарында бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан аудандық аурухана салу барысында сметалық жобалауға қатысты нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұған қоса, теміржол өткелінде болатын кептеліс мәселесі де жауапсыз қалмақ емес. Тұрғындар тарапынан атқарушы орын жұмысына жақсы баға берілді.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз